«ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН: ТАРИХ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ ЗАМАН» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТЕДІ

14 мамырда, сағат 15.00-де Елбасы кітапханасы мен еліміздегі М.В.Ломоносов атындағы ММУ филиалы «Тәуелсіз Қазақстан: тарих және қазіргі заман» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізеді. Іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Қазақстандағы ММУ филиалының 20 жылдығына орайластырылмақ.

Конференция қазақ мемлекеттігінің даму кезеңдерін қарастырып, ұлттық сананы түркі ойшылдарының рухани мұрасы арқылы жаңғырту жолдарын табуды, қоғамдық-саяси көзқарастың інжу-маржанын саралауды, Қазақстан халықтарының басын қосып, бірлігін күшейтетін құндылықтар мен идеяларды ортаға салуды көздейді.

Оның жұмысына мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан мен Ресейдің, өзге де елдердің жоғарғы оқу орындарының жетекші ғалымдары мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысады. Олардың қатарында Елбасы кітапханасының директоры Б.Б. Темірболат, Қазақстандағы М.Ломоносов атындағы ММУ филиалының директоры А.В. Сидорович, Нұрсұлтан Назарбаев қоры атқарушы директорының орынбасары И.И. Рогов, ҚР ҰҒА академигі Ж.М. Әбділдин, Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары М.А. Әзілханов, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры З.К. Шәукенова, Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің президенті Е.И. Пивовар, ҚР Президенті архивінің директоры Ж.Ж. Әбдіқадырова, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институты директоры Е.А. Әбіл, т.б. бар.