ПРЕЗИДЕНТ КІТАПХАНАЛАРЫ, ОРТАЛЫҚТАРЫ МЕН ҚОРЛАРЫ ТУРАЛЫ ӘЛЕМДІК ЖАҢАЛЫҚТАР ДАЙДЖЕСІ (шілде-қыркүйек 2016 жыл)

Көрмелерге келушілер үшін арнайы мобильдік қосымша құрастырылды

АҚШ-та арнайы мобильдік қосымша іске қосылды. Оның арқасында авторлық таныстырылымдармен, кітап көрмелерімен, арнайы бағдарламалармен және мәдени шаралармен танысуға мүмкіндік бар.

Қосымшаны пайдаланушылар шараларға қатысуға ниет білдірсе, оны алдын ала жоспарлап, нақты бағдарды анықтай алады. Әрбір көрменің немесе таныстырылымның өткізілетін уақыты да заманауи көмекші құралға жүктелген.

Егер шаралардың ұйымдастырылу күні өзгеретін болса, онда қосымшаны қолданушыларға ескертпе хат жолданады. Оның көмегімен фото және видео түсіріп, әлеуметтік желідегі жеке парақшаға жүктеу мүмкіндігі қарастырылған.

 http://www.loc.gov/today/pr/2016/16-143.html

 

Эрнест Хемингуэйдің бірегей мұрасы көпшіліктің назарына ұсынылды

«Эрнест Хемингуэй: қос жалын арасында». Танымал жазушының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін жәдігерлер Джон Ф. Кеннеди атындағы президенттік кітапхана және музейде ұсынылған. Олардың арасында бірегей құжаттар да бар. Мәселен, «Қош бол, қару!» туындысының алғашқы екі беті түпнұсқалық қолжазба болып табылады. Оның 1920 жылдары Францияда өмір сүрген Гертруда Стайн, Джон Дос Пассос, Ф. Скотт Фицджеральд тәрізді жазушылармен алмасқан хаттары, суреттері мен жеке қолданған заттарын да тамашалауға мүмкіндік бар.

Көрмені ұйымдастырушылардың айтуынша, Э. Хемингуэйдің топтамасы Кеннеди кітапханасының аса құнды әрі бірегей жәдігерлері саналады. Олардың бір парасы жазушының қарапайымдылығы мен ерекше дарындылығына көз жеткізеді.

https://www.jfklibrary.org/Home/Exhibits/Special%20Exhibits/Hemingway%20Between%20Two%20Wars.aspx

 

Беларусь елінде Рекордтар кітабы пайда болмақ

Дәстүрге айналған «Витебсктегі Славян базары» халықаралық өнер фестивалінің жеке рекордтар кітабы жазылады. Оған көпшілікті тамсандырған қызықты әрі бірегей оқиғалар енеді деп жоспарланған. Шығармашылық доданың жылнамасы қандай үлгіде өмірге жолдама алатыны әлі де пысықталу үстінде.

Көше өнері фэстінің бағдарламасындағы өлеңдер марафоны Рекордттар кітабының тұңғыш жазбасына айналмақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, туған жер туралы өзінің тырнақалды туындыларын және белгілі ақындардың шығармаларын мәнерлеп оқуға ниет білдіргендердің қатары 1  мың адамға жетеді.

«Өз рекордыңды жаса!». Бұл жыл сайынғы фестивальдің ұстанымына айналмақ. Осылайша Славян базарының рекордттар кітабын жасақтау діттеліп отыр.

http://www.preslib.org.by/events/kniga-rekordov-mezhdunarodnogo-festivalya-iskusstv-slavyanskii-bazar-v-vitebske

 

Қыш құмыра жасау өнері жер-жаһандағы жастарды біріктірді

Украинаның Опошня қаласы қыш құмыра жасау шеберлігімен көпшілікті тәнті еткен. Шаһарда молдовалық, грузиялық, вьетнамдық жастар және Гана Республикасының тұрғындары тоғысты. Олардың қарым-қабілеті Х халықаралық қыш құмыра өнеркәсібі фестивалінде бағамдалды. Игі дәстүрге айналған шығармашылық шара Леонид Кучманың президенттік қоры қолдауымен ұйымдастырылды.

Фестиваль қатысушылары бақытты және бай-қуатты өмір жолында ботқаны құмыраға салды. Ал кәсіби мамандар қолөнер туындыларының сәтті шығуына қам жеді. Олар біліп-түйгендерін жергілікті және шетелдік жас буынға меңгертті.

10-нан 23 жасқа дейінгі  жас дарындар 10 күн бойы бақ сынасты. Олардың әрқайсысы «Қыш», «Бейнелеу өнері», «Сәндік-қолданбалы өнердің басқа түрлері» аталымдары бойынша өзінің үш туындысын ұсынды. Фестиваль жеңімпаздарына президенттік қор қаржылай қолдау көрсетті. Сыйақымен қатар жас дарындардың өнер жолын бағындыруына қолғабыс ету қарастырылған.

http://www.kuchma.org.ua/fund/foundation/17011/

 

Ф.Д. Рузвельттің 46000 бетті құрайтын сөздері қалпына келтірілуде

ХХ ғасырдың бірінші жартысында АҚШ тізгінін ұстаған Франклин Делано Рузвельттің кітапханасы және мұражайы бүгінде құнды тарихи жәдігерлердің рухани ордасына айналды. Оның іргетасы осыдан 75 жыл бұрын қаланған. Мерейтойға орай арнайы жоба қолға алынды. АҚШ-тың 32 президентінің сөйлеген сөздері заманауи сақтау құралдарына көшірілмек. Олардың жалпы көлемі 46000 бетті құрайды. Мамандар Рузвельттің маңызды 10 баяндамасын іріктеп алған.

Сандық түрде қайта қалпына келтірілген жазбалар зерттеушілерге, оқытушыларға және көпшілік оқырман қауымға ұсынылады деп жоспарланған. Тарихи жазбалар әлемнің кез келген тұрғынына қолжетімді болмақ.

Тарихи құнды жазбалардың бірі қалпына келтіріліп, 30 маусымда өткен көрме барысында алғаш рет көпшіліктің назарына ұсынылды. Кітапхана Рузвельттің саяси қызметі барысында жиналған құжаттардың көшірмелерін, сызбаларды, есептерді қайта қағазға түсіру діттеп отыр. Президенттің мұрасын алдағы онжылдықтарға сақтап, болашақ ұрпаққа кеңінен таныстыру жоспарланған.  

https://fdrlibrary.org/documents/356632/390886/2016.06.23pr16.pdf/2078f7a7-4fc4-46dd-bb07-d7d9fa13c2a8

 

Оқушылар 1990 жылдардың кейіпіне енді

Ельцин орталығы биылғы жаңа оқу жылын ерекше қарсы алуды ұйғарған. Білім күніне орай квест ұйымдастырылды. Мектеп оқушылары ата-аналарының 1890-1990 жылдардағы өмірін бастан кешірді. Олардың қолдарына азық-түлік талондары берілді. Балалар дүкен таңғы сағат 9-да ашылса, неліктен 3-4 сағат бұрын кезекке тұру қажеттігін түсінбей дал болды. Сол кезде шәй мен қанттан басқа тауарды сатып алу екіталай екендігіне көз жеткізді.

Жастардың назарына 26 жыл бұрын қолданылған заттар мен аспаптар ұсынылды. Тарихи жәдігерге айналған винилді пластинкалар, пионерлердің галстуктары, қолданылған ақшаның үлгілерін көзбен көріп, қолмен ұстау мүмкіндігі жасалды.

Орталыққа келушілер 1989 жылғы және 2016 жылғы оқушыны салыстырып, олардың ара-жігін анықтады. Олардың айтуынша, бүгінгі жеткіншекте еркіндік көп, таңдау аясы кең. Ал кеңестік кезеңде тек бір партиямен, бір киіммен, демалыстың бір түрімен шектелген.

http://yeltsin.ru/news/dni-znaniy-otmetili-kvestom/