Бүгін Елбасы кітапханасының қызметкерлерінің қатысуымен Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған «Қазақстандықтардың әл-ауқатынның өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауын талқылау мақсатында ашық жиналыс өтті.

Жиынды ашқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан  Рахымжанов Елбасының кезекті Жолдауының мазмұнының тереңдігіне тоқталды. Сондай-ақ, Қазақстан халқы жыл сайын асыға күтетін Елбасы Жолдауының өз ерекшелігі бар екендігін айтып, елдің игілігіне бағытталған басты құжатта ел өміріне қатысты салмақты дүниелер мен әлеуметтік салаға қатысты маңызды жаңалықтар жария етілетіндігін тілге тиек етті. Елбасының әрбір Жолдауы – қазақстандықтардың жақсы тұрмысын ғана емес, сондай-ақ, алаңсыз болашағы туралы да айтылатынымен құнды екенін атап өтті:

Биылғы Жолдау мазмұны жағынан ерекше және уақыт елегінен өткен «Қазақстан - 2050» стратегиясы, «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясаты, «5 институционалды реформаны жүзеге асыру жөніндегі ұлт жоспары - 100 нақты қадам» құжаттарының қисынды жалғасына айналды. Елбасы Жолдауындағы негізгі пікірлер қазақстандық қоғамды жаңғыртуды жалғастыруға арналған жаңа мүмкіндіктерді көрсетті. Жолдау еліміздің басты байлығы – адами дамуға арналды және онда республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды салалар қозғалды. Атап айтар болсақ, Мемлекет басшысы Жолдауында келер жылдың қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 1 жарым есеге, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсетіндігін айтты. Сонымен қатар 3 жылдың ішінде өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдауға 500 миллиард теңге бөлінетіндігі, басымдығы бар жобаларға қолжетімді несие беру үшін ұлттық банктен кемінде 600 миллиард көлемінде ұзақ мерзімге қаржы бөлу ісі тапсырылды. Мұның бәрі халыққа жасалып отырған үлкен қолдау. Сонымен қатар, Елбасымыздың биылғы Жолдауы әлбетте, форматы мен мазмұны жағынан бұрынғылардан ерекше. Жолдауда нақты міндеттер мен мақсаттар белгіленді. Яғни, ең алдымен құжатта адам мен оның мүддесіне басымдық берілген. Демек, Жолдау бәрінен бұрын қарапайым азаматтардың мүддесін көздейді. Атап айтқанда, құжатта басты талап ретінде айлықтың өсуіне, халықтың табысына маңыз берілді. Біз ең төменгі жалақының бір жарым есеге артатынын да нақты біліп отырмыз. Түптеп келгенде, бұл Жолдауда қарапайым азаматтардың жағдайын жақсарту жайы қарастырылған.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Әбішұлы біз талқылап отырған Жолдауында былай деген болатын: «Халқымыздың бақуатты өмір сүруі және еліміздің озық дамыған 30 елдің қатарына қосылуы –Тәуелсіз мемлекетіміздің мәңгілік мұраты. Бірлігіміз мызғымаса, ынтымағымыз ыдырамаса, біз үшін алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайды. Мен әрбір жолдауымда халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше мән беріп келемін. Қазақстанның бағындыратын биіктері әлі алда. Осы жолда халық сенімі рухымызды жігерлендіріп, бойымызға күш-қайрат дарытады. Сол сенімді ақтаудан артық мұрат жоқ!», - деген Әмірхан Мұратбекұлы әріптестерін  Елбасының халқына қойған міндеттерін орындау жолында қалыс қалмай, өз еңбектері арқылы қолдау білдіруге шақырды.

Жиналысқа қатысқан Елбасы кітапханасының қызметкерлері Мемлекет басшысының биылғы Жолдауына негізгі бағыттарын талқылап, бірауыздан қолдау білдірді.