ЗАҢ САЛАСЫНЫҢ МАМАНДАРЫ СЕМИНАР-ТРЕНИНГКЕ ҚАТЫСТЫ

Сырт көзге суық көрінсе де қоғамдағы заң мен тәртіптің сақталуын қадағалап жүрген құқық қорғау органдарының қызметкерлері  Елбасы кітапханасында бас қосты.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының қызметкерлерді кәсіби қайта даярлау курсының тыңдаушылары «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингіне қатысты.

Қазақстанның барлық өңірлерінен келген прокуратура қызметкерлері семинар-тренингте  өздерін жан-жақты дамытып, тәжірибе алмасты. «Бәсекеге қабілеттілік – XXI ғасырдағы ұлттың жаңғыруы», «Қазақстанның тарихи жолы және эволюциялық дамуы», «Ұлттық бірегейлікті сақтау» және «Ашық сана – болашаққа бастар жол» тақырыбында Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Сағынтай Бердіғұлова тыңдаушыларға дәріс оқыды.

Сонымен қатар қатысушылар  Елбасы кітапханасындағы кітаптар мен құнды жәдігерлермен танысты. Мұндағы шахмат топтамасына баса назар аударған Павлодар облысының прокуратурасы прокурор көмекшісі Ақтолқын Темақұлова алған әсерімен бөлісті:

– Бұл ғимараттағы барлық дүниелер көздің жауын алады. Маған  ақ және қара сутастан жасалған шыны шахмат тақтасы қатты ұнады. Ақ пен қара қатар жүретін өмір жолда әділдікті ту етіп жүргенге не жетсін?! Шахматқа қарап осындай ой түйдім. Мұның біздің саламен де байланысы бар. Құқық қорғау органдарында жастардың саны күн санап артып келеді. Біз де сол жастар өкілі ретінде еліміздің заң саласына өз үлесімізді қосуға күш саламыз. Бүгінгі семинар-тренинг елге қызмет ету жолындағы арман-мақсатымызды одан әрі нығайтты. Бұл мекемеден жинаған тәжірибемді әріптестеріммен  бөлісіп, болашақта жүйелі жұмыстарды жұмыла атқаратын боламыз.

Семинар-тренинг аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының қызметкерлерді кәсіби қайта даярлау курсының тыңдаушыларына сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.