ҰЛЫ ДАЛА ТАРЛАНДАРЫ. БАУЫРЖАН РАҚЫШЕВ

Елбасы кітапханасы оқырмандарын еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан кейінгі буын өкілдерімен таныстыруды жалғастырады. Жобаның кезекті шығарылымы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» сайысында 28 мыңға жуық дауыс жинап, 5000-нан астам үміткер арасында «Медицина» саласы бойынша жеңімпаз атанған Бауыржан Рақышевқа арналады.

Бауыржан Рақышев – білікті кардиохирург, Болашақ қауымдастығы кеңесінің, Кардиохирургтар қауымдастығының мүшесі. 1983 жылғы 2 қыркүйекте Қызылорда облысы Шиелі ауданы Үлгілі ауылдық кеңшарына қарасты Нартай Бекежанов атындағы ауылда дүниеге келген. 2000 жылы өз ауылындағы мектепті үздік аттестатқа бітіріп, 2007 жылы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін қызыл дипломмен тәмамдайды. 2010 жылы ол Президенттің халықаралық «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты атанып, Ресей медицина ғылымдары академиясы жанындағы А.Н.Бакулев атындағы жүрек-қантамыр хирургиясы ғылыми орталығының мәскеулік клиника ординатурасына түседі. «Кардиохирургия» мамандығын 2012 жылы бітіріп келген ол «Болашақ» бағдарламасы бойынша бұл саланы оқыған санаулы мамандардың бірі ретінде  А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында қызметке орналасып, көп ұзамай кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі атанады.

Жас маман болғанына қарамастан Бауыржан Рақышев мыңдаған адамның жүрегіне аса жоғары технологиялық ота жасап үлгерді. Бүгінде ол басқарып отырған кардиохирургия бөлімшесі жиырма мыңнан астам адамға жоғары сапалы медициналық көмек көрсетті. Адам жүрегіне ота жасайтын санаулы маманның бірі ретінде ол 2015 жылдан бастап елімізде бұрын болмаған миниинвазивті операцияларды отандық тәжірибеге енгізген. Бұл технологиялардың негізін ол Италия, Нидерланд, Ресей, Беларусь мамандарымен бірігіп ота жасауда әбден зерттеген. Ауыр дертке шалдыққан науқастарды айықтыруды әдетке айналдырған маман туа, жүре пайда болған жүрек ақауларын, ишемия ауруларын, аорта қабынуын емдеп, алдыңғы қатарлы кардиохирургтардың бірі болып мойындалып отыр.

Бауыржан Алдабергенұлы жүрек-қантамыр ауруларының өлім көрсеткішін біраз дейгейге төмендетуге күш салып жүр. Еңбек жолын шетелде емес, елде салуды не себепті таңдағанын ол былай деп түсіндіреді:

Мемлекет «Болашақ» бағдарламасымен қаражат бөліп, бізді шетелге оқуға жіберді. Бүкіл шығынымызды жабатын шәкіртақы бөліп отырды.  Орналасқан жатақханамыздың құны да, жүретін жолдың ақысы да тегін болды. Ендігі мақсат – елдегі кардиохирургия саласын жаңғырту. Қазақтың саны онсыз да көп емес, сол себепті жүрек дертіне шалдыққан қандастарымыздың өлім-жітімін азайту керек. Шетелге тəжірибе алмасу үшін ғана барып-келуге болады. Дүние қуып, шетелде жұмыс істеп жүрсек, бес жылдан кейінгі жағдайымыз не болмақ?

Тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасымыз экономикадан бөлек, медицина саласына да ерекше көңіл бөлді. Оның бастамасымен жүзеге асырылған «Саламатты Қазақстан», «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламалары қазіргі уақытта да жалғасуда. Аталған бағдарламалардың аясында облыс орталықтарында кардиохирургия орталықтары ашылды. Павлодар, Шымкент, Алматы және басқа да қалаларда кардиохирургия орталықтары халыққа қызмет көрсетіп жатыр. Бәрінің мақсаты – азаматтарымыздың өмір жасының орташа ұзақтығын көтеру болып отыр.

– Қазақстанда жүрек трансплантациясын жасауға, жасанды жүрек қарыншасын ауыстыруға толық мүмкіндік бар.  Науқастарға бұл мүмкіндік мемлекеттік квота арқылы тегін беріледі. Қызығы, мұндай оталарды көп елдер жасай бермейді. Сондықтан кардиохирургия саласының дамуы мен жасалып жатқан оталардың күрделігі жағынан Қазақстан алдыңғы қатарлы дүниежүзілік отыздыққа кіреді. АҚШ, Жапония, Ұлыбритания, Германия, Ресей секілді елдермен терезесі тең бұл тұрғыда. Бірақ мұндай жеңісерді біз көп жарияламаймыз, - дейді маман.

Қазақтан мен Ресей арасындағы дәстүрлі достық қатынастарын жалғастыруға қосқан үлесі үшін Бауыржан Рақышев 2012 жылы Ресейдегі Қазақстан Елшісінің мадақтамасымен марапатталған. Ол халықаралық және республикалық ғылыми конференцияларға жиі қатысып, Ресейде (2014ж.), Чехияда (2015ж.), Түркияда (2016ж.), Австрияда (2017ж.) тәжірибеден өткен. Дәрігердің баяндамалары бірқатар танымал ғылыми басылымдарда жарық көрді. Кардиохирургтар қауымдастығының мүшесі ретінде ол әлем мойындаған кардиохирургтардың дәрісіне қатысқан.

Дәрігерлік жұмыстан бөлек Бауыржан Алдабергенұлы еліміздің саяси-әлеуметтік өміріне де белсене араласуда. Елбасының қатысуымен өткен халықаралық «Болашақ» стипендиясының 20 жылдық мерейтойлық форумына (2013ж.) ат салысып, Республикалық жастар форумына (2016ж.) белсенді қатысқан. Ол, сондай-ақ «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысының «Зияткер ұрпақ» жобасы спикері (2016ж.), «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Тұңғыш Президент күніне орай өткен Жастар форумының спикері (2017ж.) болған. «Болашақ» Халықаралық стипендиясы стипендиаттары қауымдастығының «Мейірімділік шуағы», «9М» жобаларының cпикері болған ол бүгінде демеушісіне айналып отыр. Б.Рақышев 2016-2018 жылдар аралығында Bolashak Business, Bolashak Tаlks спикері болып, еліміздегі жоғарғы оқу орнындарында аудитория алдындағы дәрістерін әлі де жиі оқиды. Бүгінге дейін ол жастармен елуден астам кездесу өткізген. Сондай-ақ, жоғары санаттағы кардиохирург маман ретінде бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жиі кеңес бөлісіп отырады.