«Туған жерім» ІХ Халықаралық балалар сурет байқауы жұмыстарының көрмесі

2012 жылдың 21 желтоқсанында ҚР Тұңғыш Президенті Музейінде Тәуелсіздік күніне арналған «Туған жерім» ІХ Халықаралық балалар сурет байқауы жұмыстарының көрмесі және байқауға қатысушылардың салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Көрме Музейдің «Балалық шақтан көзқарас» атты жобасы аясында ұйымдастырылды. Биылғы байқауға Қазақстанның 15-ке жуық қалаларынан 6-16 жас аралығындағы балалардың жұмыстары қатысты. Ең үздік суреттердің авторлары мақтау қағаздары және естелік сыйлықтармен марапатталды.
      Байқау ұйымдастырушылары Музей, «Құланшы» заманауи өнер Орталығы және Астана қ. білім басқармасының қолдауымен Астана қаласының ЮНЕСКО – Балалар көркемсурет мектебі болып саналады. «Туған жерім» байқауы – ұлтжандылық пен азаматтық жауапкершілікті тәрбиелеу, балалардың туған жеріне деген сүйіспеншілігін ояту, Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне қызығушылығын арттыру, сонымен қатар балалар көркемсурет шығармашылығын көпшілікке тарату және дамытуға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды. Экспозициядағы жұмыстар «Қазақстанның өткен шағына саяхат», «Қазақстан халқының аңыздары мен ертегілері», «Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары», «Астана – болашақтың қаласы», «Қазақстан 20 жылдан кейін» атты тақырыптық бағыттарда ұсынылған.