«ӘСЕМДІКТІҢ, ҮНДЕСТІК ПЕН СҰЛУЛЫҚТЫҢ НЫШАНЫ» КӨРМЕСІНІҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Бүгін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының жаңа музейінде «Әсемдіктің, үндестік пен сұлулықтың нышаны» қор көрмесі ашылды.

  

Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, дипломатиялық өкілдер, ұлттық мәдени орталықтардың басшылары, мәдениет, өнер салаларының қайраткерлері, жастар, Әзербайжан, Ауғанстан, Корея, Малайзия, Нидерланд, Польша, Чехия, Швейцария, Жапония елшілері мен дипломатиялық өкілдері қатысты.

Көрмені Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат ашты:

– Көпшілік назарына ұсынылып отырған экспонаттар өнер жәдігерлері ғана емес, олар Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың көпвекторлы сыртқы саясаты мен республикамыздың халықаралық беделін айғақтайды. Әлем жұртшылығының Қазақстанға деген құрметі мемлекет және үкімет басшыларының, халықаралық ұйымдар мен дүниежүзілік компаниялар жетекшілерінің тарту еткен сыйлықтарынан көрініс тауып отыр. Кез келген көрмедегі құнды экспонат еліміздің халықаралық қарым-қатынас орнатудағы тарихы, Елбасының жеке тәжірибесі мен таптырмас саяси көрегендігінің дәлелі екені сөзсіз. Н.Ә. Назарбаев ел тұтқасын ұстаған жылдарында күллі әлемге өзінің бейбітшілік пен достық стратегиясы арқылы заманауи саяси диалогтың моделін ұсынды, - деді ол.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әмірхан Рахымжанов Тұңғыш Президентімізге тарту етілген дипломатиялық сыйлықтардың өзіндік ғылыми, мәдени әлеуетін атап өтті:

– Жалғыз жәдігердің өзі бұйымның тарихынан сыр шертіп, сыйлаған иесі мен орайластырылған оқиғаға қатысты сан алуан ақпарат береді. Түрлі мемлекеттерді ұсынатын сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің жұмыстарынан қонақтар мен келушілердің үлкен әсер алатынына сенімдімін, - деді ол.

  

Аталмыш көрме – «Музей топтамасы» ғылыми жобасының зерттеу нәтижесі. Оның аясында техникасы мен пішіні жағынан алуан түрлі құмыраның 50-ден астам үлгісі ұсынылған.  Фарфор, керамика, шыны, металдан жасалған олар Түркия, Қытай, Ресей, Еуропа, Орта Азия, Жапония, Вьетнам, Малайзия және т.б. елдердің мәдениетін сипаттайды. Бұл ыдыстар ұлттардың тарихын, шаруашылық өмірін, діни ұстанымдарын, өмірлік құндылықтарын бейнелеп, рухани және материалдық өмір философиясын әсемдік арқылы баяндайды. Аталған жәдігерлер Елбасы кітапханасы қорында сақтаулы тұрған құмыралар топтамасының кішігірім бөлігін ғана қамтиды.

– Көрменің мазмұнына да, деңгейіне де тәнтімін. Ол ұсынатын жәдігерлер Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық беделі мен сыртқы саясаттағы рөлін айшықтайды. Іс-шараға шақырған ұйымдастырушыларға ризашылығым мол, - деп тұсаукесерге қатысқан Корея Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Ку Хонг-Сок пікір бөлісті.

 

 

«Әсемдіктің, үндестік пен сұлулықтың нышаны»

көрмесі 2021 жылдың 15 наурызына дейін жалғасады.

Фотобаян