САРАПШЫЛАРДЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КЕЗДЕСУЛЕРІ: «БІР БЕЛДЕУ – БІР ЖОЛ» БАСТАМАСЫНЫҢ ҚЫТАЙДА ДАМУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Ағымдағы жылғы қазан айында Елбасы кітапханасының ғылыми қызметкерлері «The Joint Delegation of Scholars and Think Tankers from Countries along The Belt and Road» («Бір белдеу - бір жол» бастамасына қатысушы елдердің ғалымдары мен «ақылдылар орталықтарының» бірлескен делегациясы) жұмысына қатысты.

12-21 қазан аралығында ҚХР Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің халықаралық бөліміне қарасты Қытай заманауи әлемдік зерттеулер орталығы (CCCWS) ұйымдастырған іс-шаралар барысында Елбасы кітапханасы Геосаясат және өңірлік зерттеулер қызметі басшысының м.а. Қазбек Майгелдинов пен Стратегиялық зерттеулер және болжау қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Арыспай Қабдығалиев Қытайдың Шанхай, Чжанцзяцзе, Пекин қалаларында болып қайтты.

Қазақстандық делегаттар Шанхай қаласында Халықаралық қатынастар жөніндегі Шанхай кеңсесі директорының орынбасары Фу Джихонмен (Fu Jihon) кездесіп, «Бір белдеу - бір жол» бастамасын дамытудың мәселелерін талқылады және «Бір белдеу - бір жол» бастамасы және жаһандық басқару мәселелері: жаңа тәжірибелер, тың идеялар» атты Екінші Халықаралық форумға қатысты. Аталған форумда Қазбек Майгелдинов «Бір белдеу - бір жол»: Орталық Азия және Қазақстан» атты баяндамасымен таныстырды.

15-16 қазан аралығында Чжанцзяцзе қаласында «Ашықтықтың жаңа дәуірі, дамудың жаңа тұғырнамасы, гүлденген жаңа Хунань» атты Жібек жолы бойында орналасқан мемлекеттері іскер топтарының 2018 жылғы Саммиті өтті. Саммиттің «Бір белдеу - бір жол» бастамасын жүзеге асыру барысында брендтер құру» атты төртінші пленарлық отырысына Елбасы кітапханасының ғылыми қызметкерлері қатысты.

Іс-шара соңында қазақстандық сарапшы ғалымдар Қытай заманауи әлемдік зерттеулер орталығы (CCCWS) бас директорының орынбасары Ванг Лийонгпен (Wang Liyong) кездесті. Олар «Бір белдеу - бір жол» бастамасының келешегі және жаһандық басқару мәселелері» семинары аясында Қытай және жаһандану Орталығында болып, сарапшылармен кездесті.