Халел Досмұхамедов – қоғам қайраткері, ғалым-дәрігер, тарихшы, этнограф, ауыз әдебиетінің сирек үлгілерін жинап, насихаттаушы, әдебиетші, педагог, табиғаттанушы және ағартушы, Ресей ғылым академиясының Өлкетану бюросының корреспондент-мүшесі, профессор. Ол Қазақстандағы денсаулық сақтау, жоғары мектеп пен баспа ісінің алғашқы ұйымдастырушыларының бірі. Жарияланған 70-тен аса баспа еңбектерінің 20-сы оқулықтар.

Ол 1883 жылдың 24 сәуірінде қазіргі Атырау облысы Қызылқоға ауданында дүниеге келген. Көп балалы отбасында жетінші бала болған. Халел ауыл молдасынан сауатын ашқан соң жергілікті орыс-қазақ бастауыш мектебінде оқиды, оны аяқтағаннан кейін он қазақ баласымен бірге Орал қаласындағы училищенің даярлық сыныбына түседі. Бір жылда орыс тілін меңгеріп алады. 1903 жылы училищені өте жақсы аяқтап, Санкт-Петербургтің әскери-медициналық академиясына түседі. 1904 жылы Санкт-Петербургтің әскери-медициналық академиясының студенті
Х. Досмұхамедов: «...Менен басқа ондаған немесе тіпті жүздеген қырғыздар жоғары білім алып жатқанын ойласам, бұл халық та еңбекке, ілгерілеуге қабілетті екен деген қорытындыға келесің, бір күндері әлемдік үстемдіктен сыйлы орнын алар...» – деп жерлестеріне хат жазады.

Оның Академияда оқыған алты жылы дүниетанымы, рухани өсуі мен ғылым таңдау жолының қалыптасуындағы ерекше кезеңі болды. Академияны алтынмен бітірген Халел Досмұхамедов 1909 жылы Пермь губерниясында қызмет етеді, содан соң Орал қазақ-орыс атқыштар батальонында кіші әскери дәрігер міндетін атқарады.

Ол 1912 жылы азаматтық тұрғындарға дәрігерлік көмек көрсетуге және алдын алу жұмыстарымен айналысу үшін жоғары инстанцияға әскери қызметтен босатуын сұрайды. Әскери қызметтегі оба індетіне қарсы күреске белсене қатысқаны үшін «Романовтар патша үйінің 300 жылдығы» медалімен марапатталған еңбектерін ескере отырып, 1913 жылы Орал облысының вице-губернаторы оны әскери қызметтен толықтай босатады.

Халел Досмұхамедов Орал облысы Темір уезінде учаскелік дәрігер болып істейді. 1920 жылға дейін бірнеше рет оба індетінің ошақтарын жоюға қатысып, түрлі жұқпалы аурулар туралы газеттерге мақалалар жариялайды, жалпыға түсінікті қазақ және орыс тілдерінде әр аурудың белгілеріне сипаттама жазып, емдеу тәсілі мен алдын алудың түрлі шараларын ұсынады. Досмұхамедовтің ағарту қызметінің мәнін жоғары бағалаған Ахмет Байтурсынов: «...дәрімен жүз адамды, ал жарияланған алдын алу шараларымен, кең насихаттаумен – миллионды емдеуге болады», – деп жазды.

Халел Досмұхамедов кәсіби қызметімен бірге қазақ зиялыларының қалыптасуына белсенді атсалысты. 1917 жылы Орынборда өткен Қазақ-қырғыз автономиясын жариялаған Тұңғыш жалпықазақ съезіне төрағалық етеді. Бұл құрылтай «Алаш» ұлттық партиясының қозғалысқа айналуының бастамасы болды. Ол Алашорда үкіметінің мүшелігіне сайланды. Алашорда тарағаннан кейін басқа да қазақ зиялылары секілді Х. Досмұхамедов те жаңа өкіметтің жұмысына тартылды.

1920 жылы Халел Досмұхамедов Орта Азия университетінің медицина факультеті клиникасының ординаторлығына түседі, Ташкенттегі қазақ мұғалім институтында оқытушы бола жүріп, мектепте санитар дәрігер қызметін атқарады. Қазақ өлкесін басқару бойынша әскери-революциялық комиссия құрамында болып, 1921 жылы Қазақ-қырғыз республикалық комиссиясында жұмыс істейді.

Х. Досмұхамедовтің авторлығымен және жетекшілігімен оқулықтар, қазақ мектептері үшін оқу құралдары жазылды, мектеп бағдарламалары жасалып, ғылыми терминология құрастырылды. Ол «Оқушылардың денсаулығын сақтау», «Как бороться с чумой среди населения казахского края», «Ғылыми терминология туралы баяндама», «Омыртқалы жануарлар туралы» тәрізді алғашқы медицина және табиғаттану оқу құралдары мен ғылыми-көпшілік кітаптардың қазақ тіліндегі авторы болды.

1922 жылы Х. Досмұхамедов Түркістан өлкелік денсаулық сақтау Наркомында оба індетімен күрес бойынша орталық комиссияны басқарып, Қазақ КСР денсаулық сақтау ұлттық комиссариатында емдеу-санитарлық ісін басқарды. Денсаулық сақтау комиссариатына жұмысқа кіріспес бұрын ол қазақ медициналық мамандарының дайындығына ерекше көңіл бөлді.

1925 жылы Халел Досмұхамедов Қазақ мемлекеттік баспасының Шығыс бөлімін басқаруға тағайындалады. 1926 жылы ол Орталық Азиядағы Қазақ республикасының өкілі болады. Осы жылы Жоғары педагогикалық институты ректорының орынбасары қызметін атқарады.

1927 жылы Қазақ мемлекеттік университетін құру бойынша комиссия төрағасы болады. 1930 жылы Х. Досмұхамедовті ҚазМУ профессоры етіп таңдап алады, Ғылым академиясы жанындағы Өлкетану орталық бюросының корреспондент мүшесі, Қазақ зерттеу қоғамының мүшесі болды.

Профессор Халел Досмұхамедов көне түркі, неміс, орыс, қазақ тілдерін жақсы білген. Ол – қазақ тіліндегі үндестік заңын зерттеген тұңғыш лингвист Фольклорды зерттей отырып, Х. Досмұхамедов өз еңбектерінде тарихи және этнографиялық мәліметтерді қолданады, халық ауыз шығармаларын жинаумен әуестенеді. Бүгінге дейін жеткен қазақтың Махамбет, Мұрат Мөңкеұлы, Шернияз, Ығылман сынды ақын-жырауларының жырлары осылай сақталған. Оның «Қазақ әдебиетінің тарихы» еңбегі күні бүгінге дейін өз құндылығын жойған жоқ.

Зұлмат заманда талантты, біртуар адамның қуғын-сүргінге ұшырамай қалуы екіталай болатын, сол себепті Х. Досмұхамедовтің де басына қара бұлт төнді. 1930 жылдың 15 қыркүйегінде ол «Алаш Орда ұлттық ұйымы» ісі бойынша тұтқындалып, 19 ай түрмеде жатады. 1932 жылдың 20 сәуірінде көрнекті қайраткерге 5 жыл еңбекпен түзеу лагеріне жаза кесіледі, сол мерзіммен Воронежге жер аударылады. Воронеждің Денсаулық сақтау және гигиена институтында бөлім меңгерушісі ретінде жұмысын жалғастырады.

1938 жылдың 26 шілдесінде Халел Досмұхамедов екінші рет жалған саяси айыппен тұтқындалып, әуелі Мәскеу, кейін Алматыға жіберіледі. Ал 1939 жылдың 24 сәуірінде ату жазасына кесіледі. Алайда кассациялық шағым бергендіктен ісі қайта қаралады. Содан көп ұзамай 1939 жылдың 19 тамызында өкпе ауруынан Алматы абақтысының ауруханасында қайтыс болады.

1958 жылы қайтыс болғаннан кейін ақталды.

1994 жылы Атырау мемлекеттік университеті Х. Досмұхамедов есімін иеленді. Университеттің алдына оның ескерткіші орнатылды. Астана, Атырау, Орал қалаларының көшелері Х. Досмұхамедовтің есімімен аталады.

Оқырмандар Елбасы кітапханасынан Х. Досмұхамедов еңбектері мен оның өмірі, қызметіне арналған «Движение Алаш». 1-том. Алашордашылардың сот процесі материалдарының жинағы: Т. Жұртбайдың жалпы редакциясымен, «Алаш ардақтылары: Санкт-Петербург іздері» (Н. Дулатбеков), «Алаш. Алашорда. Энциклопедия» (Г. Анес, С. Смагулова), «Алаш қозғалысы: Энциклопедиялық анықтамалық (Е. Тілешов, Д. Қамзабекұлы), «Таңдамалы» және «Таңдамалы еңбектері» (Х. Досмұхамедұлы) кітаптарымен таныса алады.