Үстіміздегі жылдың 8 ақпанында Елбасы кітапханасында екі күндік «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингінің алғашқы қатысушыларына сертификаттар тапсырылды. 7 ақпанда семинар-тренингтің жаңа маусымын Ақтөбе және Қызылорда облыстарынан келген жоғары сыныптың оқушылары ашқан болатын.

Дәстүр бойынша оқуды тәмамдаған семинар-тренингтің қатысушыларына қызықты кездесулер ұйымдастырылады. Бұл жолы кездесуге «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңесінің мүшесі Данияр Сүндетбаев шақырылды.

Спикер жас отандықтардың миссиясы, мақсаты мен қызметі және еліміздегі басты партияның жастар қанатының жобалары жөнінде баяндады.

– Жастар – болашағымыздың тірегі. Қазақстанның жетістігі мен өркендеуінің кепілі – бұл біз бен сіздердің Отанға деген адал сүйіспеншілігіміз, жауапкершілігіміз, ұлттық сана-сезіміміз, білімділік пен кәсібилігіміз, мемлекетіміздің дамуына өз үлесін қосуға деген ынта мен әзірлігіміз,– деп сөзін түйіндеген Д. Сүндетбаев жастарды белсенділікке үндеп, өмірдегі өз жолын дұрыс таңдауға әрі өз кәсібінің нағыз шебері болуға шақырды. Сондай-ақ мейман жастардың сұрақтарына жауап берді.

Сертификаттар табыстау рәсімін ашқан Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов:

– Бүгінгі «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинарында өз өңірлерін таныстырып отырған жастардың барлығы дерлік – үздіктің үздігі. Біз сіздермен ғылыми, білім беру, мәдени, ағартушылық, зерттеу, аналитикалық мекеме – Назарбаев орталығында қауышқанымызға қуаныштымыз. Апта сайын Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген ең үздік, таңдаулы, белсенді әрі дарынды оқушылар мен студенттер осы жерден білім алады. Елбасының басқаруымен біздің еліміз тәуелсіздік жылдары теңдессіз жетістіктерге қол жеткізіп, әлі де биік мақсаттарды алдына қоятынын сіздер жақсы білесіздер. Сіздерді оқыта отырып, біз Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің қызметі арқылы тереңнен ойланып, мақсаттарға жетуге және лидер болуға баулимыз. Сіздерді Президенттің бастамасымен жүзеге асырылған стратегиялық құжаттармен және бағдарламалармен таныстырамыз. Себебі болашақты жалғайтын ертеңгі ұрпақ – сіздер еліміздің бағыт-бағдарын танып, әрқайсыларыңыз еліміздің дамуына үлес қосуға әзір болуларыңыз қажет.

Семинарға қатысушылардың бірі – Ақтөбе қаласы №2 жалпы білім беретін орта мектептің 11-сынып оқушысы Александр Буканев өзінің туған күнімен тұспа-тұс келген семинар ұйымдастырушыларына алғысын білдірді:

– Бізді осындай ғажайып орталыққа шақырып, ғалымдардан дәріс алып, нағыз шеберлердің қызықты тренигтері мен тәжірибелік сабақтарына қатысуға мүмкіндік бергендеріңіз үшін ризашылығымызды білдіріміз. Бұл жобаға қатысу – біз үшін үлкен мәртебе. Ақтөбе облысының барша қатысушыларының атынан «Рухани жаңғыру» идеясын өз өңіріміздегі жастардың арасында ілгерілетуге уәде беремін, – деді Александр.

– Біз қатысқан дәрістер, семинарлар мен тренингтер біздің ортақ Отанымыз – Қазақстанның дамуына болашақта өз үлесімізді қосуға қанаттандырды. Бұл жобаның болашақ қоғам және саяси лидерлерді қалыптастыруға зор ықпалы болады деп ойлаймын, – деді өз ойымен бөліскен Қызылорда қаласы № 10 «Білім-инновация» лицейінің 9-сынып оқушысы Ділназ Жұмажанова.