«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ: БОЛАШАҚҚА БАСТАР ЖОЛ» ВЕБИНАРЫ

Елбасы кітапханасы карантин режиміне байланысты жұмыстың жаңа үлгісі мен жұртшылықпен байланыстың жаңа түрлерін енгізуде. Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті–Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің тыңдаушылары үшін вебинар ұйымдастырылды. «Рухани жаңғыру: Болашаққа бастар жол» тақырыбындағы дәрісті Елбасы кітапханасының жетекші  ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Сағынтай Бердағұлова өткізді.

Вебинарды ашқан Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Б.Қайыпова «Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан тәуелсіздігі қалыптасуының кезеңінде ауқымы жағынан өзге елдердің эволюциялық дамуының жүз жылдығына тең келетін реформалар жүзеге асырылғанын» ерекше атап өтті. «Бұл - заманауи конституционализм, демократиялық мемлекеттілік, белсенді азаматтық қоғам, мүлдем жаңа экономикалық құрылыс, тәуелсіз Қазақстанды одан әрі нығайту мен ырықтандырудың сындарлы саясаты».

«Осы жылдар ішінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев саяси, экономикалық және әлеуметтік өзгерістердің жүйелі логикасын, орынды бірізділігі мен  гуманистік үйлесімін қамтамасыз етіп, әлем таныған саяси көшбасшы беделіне ие болды. Бұл бағыт жаңа жаһандық сынақтар мен қауіп-қатерлер жағдайында Мемлекет басшысы  Қ.К.Тоқаевтың саясатында жалғасын табуда», - деп атап өтті Б. Қайыпова.

Елбасының  «Рухани жаңғыру: Болашаққа бастар жол» бағдарламалық мақаласы 2017 жылғы 12 сәуірде жарияланды. Құжаттың негізгі түйіні –  Қазақстанның саяси және экономикалық жаңғыруы жолында басталған үдерістер қоғамдық сананың озық жаңғыруымен ұштасып, олардың өзегіне айналуы тиіс.  Елбасының өзі атап өткендей, «жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу... Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйле­сімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғыр­намасы».

Вебинар барысында қос мекеме арасында қалыптасқан серіктестік қарым-қатынас атап өтілді. Осы жылдар ішінде Елбасы кітапханасының семинар-тренингтерінде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің 200-ге жуық магистранттары мен докторанттары оқу курсынан өткен. Бүгінгі вебинар кіші офицерлер және сержант құрамы үшін дайындалды.