РУХАНИ КЕЛІСІМ КҮНІНЕ ОРАЙ ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДА ОНЛАЙН-ДӘРІС ӨТТІ

Елбасы кітапханасының ғылыми-білім беру бағдарламасы аясында Рухани келісім күніне орай елорданың №19 жалпы орта білім беретін мектебі мен №65 мектеп-гимназияның оқушыларына «Елорда-рухани келісім мекені» тақырыбында онлайн-дәріс өткізілді.

1992 жылы Алматыда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Бірінші дүниежүзілік рухани келісім конгресі өтті. Конгреске қатысушылар қазанның 18-ін рухани келісім күні – қақтығыстар мен жанжалдарға тоқтам салу күні, татулық іздеу күні, жақынға қайырымдылық және көмек күні деп жариялау туралы манифест қабылдады.  

  

Елбасы кітапханасының Әлеуметтік-ағартушылық және білім беру жобалары қызметінің ғылыми қызметкері Қаламқас Өзенбаева жас тыңдаушыларға бейбітшілікке, келісімге және әділеттілікке ұмтылу халқымыздың рухани мәдениетінің негізін құрайтынын, ал көпұлтты қазақстандық мәдениеттің рухани бастауларын нығайту біздің мемлекеттік саясатымыздың маңызды бөлігі болып табылатынын түсіндіріп, осы даму жолының негізін Елбасы қалағанын атап өтті. Ол қазақстандық модель ретінде бүкіл әлемге танылды және бүгінде бейбітшілік пен өзара түсіністікті сақтау мақсатында көптеген елде қолданылады.  

– Бұл Қазақстанның байлығы мен игілігі, бұл біз қорғауға және сақтауға тиіс мәңгілік құндылық, - деп атап өтті дәріскер.

Этносаралық және конфессияаралық диалогты нығайтудағы Қазақстан астанасының рөліне баса назар аударылды. Дәл осы Нұр-Сұлтанда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтеді. Бас қала бүгінде бүкіл әлемдегі түрлі конфессиялар өкілдерінің ынтымақтастығын нығайтып, кездесулер өткізетін бірегей алаңға айналды. Сонымен қатар, басқа да көптеген саяси, экономикалық, рухани және мәдени халықаралық форумдар өткізіледі.

Н.Ә. Назарбаев өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында былай деп жазады: «Астана – бұл Еуразия жүрегі, мәдениеттер мен әдет-ғұрыптар тоғысқан, әртүрлі өркениеттер өкілдері үйлесім мен келісімде өмір сүретін орын».

Онлайн-сабақ барысында оқушыларға Елбасы кітапханасының музей қорында сақтаулы жәдігер – 1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен Қазақстан астанасына табыс етілген «Әлем қаласы» марапаты көрсетілді. Дәріскер сондай-ақ Нұр-Сұлтанда орналасқан Бейбітшілік және келісім сарайы мен «Бейбітшілік қабырғасы» монументінің мәні мен маңыздылығы туралы айтты.

2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тарихи тұлға тағылымы» атты мақаласында былай деп айтқан болатын: «Бүгінде елордамыз – халқымыздың мақтанышы һәм сүйікті шаһары. Былтыр мен астана авторының елорданы салып, дамытуға қосқан орасан зор үлесін әділ бағалай отырып, қалаға Нұр-Сұлтан атауын беру туралы шешім қабылдадым. Бұл дұрыс шешім болғанына еш күмән жоқ. Бұл қадам Қазақстанның жаңа тарихы мен Елбасы есімінің біртұтас ұғымға айналғанын білдіреді».

Дәріс соңында № 65 мектеп-гимназиясының 6 сынып оқушысы Аяулы Арыстан алған әсерімен бөлісті:

– Біз елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру тарихымен таныстық, оның біздің еліміз және бүкіл әлем үшін қандай маңызы бар екенін білдік. Бейбітшілік және келісім сарайы туралы өте қызықты ақпарат айтылды, дәріскерге көп рақмет!