ЛИАТ ВЕКСЕЛЬМАН: «ЕКІ ЕЛ АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АРТА БЕРМЕК»

Елбасы кітапханасы музейінің жаңа ғимаратына Қазақстандағы Израиль мемлекетінің  елшісі Лиат Вексельман келді. Елбасы кітапханасымен   серіктестік байланыс орнатып жүрген өкіл бұл ғимараттың ерекшелігіне тоқталды.

 –Бас қаладағы барлық мәдени орындарды аралап шықтым. Осы музейдің бір ерекшелігі –  интерактивті әрі заманауи.  Музей залдары 3D голография, электронды карталар, инсталляциялар, mapping-шоу мен touch-мониторлармен толық қамтылған. Оған қоса, ұлттық бояуға қанық екен.  Бұл жастар үшін өте пайдалы әрі қызықты болады деп ойлаймын, –деді елші.  

Экскурсия барысында Израиль мемлекетінің елшісі Қазақстан Республикасының тарихымен тереңірек танысуға мүмкіндік алды.

«Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевтың тәуелсіз елдің қалыптасуы мен дамуына, астананың өркендеуіне қосқан үлесінің зор екендігіне тағы бір мәрте көз жеткіздім. Музей шетелден келген қонақтар, әсіресе туристер үшін қызықты болмақ. Пандемия аяқталғаннан кейін Израильден келген қонақтарды да осы музейге шақыратын боламыз. Оларға қызық әрі танымды болатынына сенімдімін»,-деді ол.   

 

Лиат Вексельман Қазақстандағы Израиль мемлекетінің елшілігі былтыр Холокост құрбандарын еске алудың халықаралық күніне орай Елбасы кітапханасында көшпелі көрме ұйымдастырғанын атап өтті.

«Қазақстан мен Израиль арасында дипломатиялық қатынас орнағанына отыз жылға жуықтап қалды. Осы жылдар ішінде екі ел арадағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында ынтымақтастықтың барлық салаларын дамытып келеді. Өткен жылы Елбасы кітапханасының  халықаралық жобасы аясында қазақ тілінде Анна Франк кітабының тұсаукесерін  өткізгенбіз. Алдағы уақытта Елбасы кітапханасымен бірлесе мәдени-ағартушылық іс-шаралар өткізіп, өзара тәжірибе алмасып, көшпелі көрмелер ұйымдастырып  арадағы ынтымақтастықты арттыруға дайынбыз», – деп ой бөлісті Л.Вексельман.