ҒАСЫР КҮТКЕН ЖӘДІГЕР: «ТУРКІСТАН» ФОТОАЛЬБОМЫ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының қоры су жаңа «Түркістан» альбомымен толықты.

Қазақстанға қатысты маңызды тарихи деректер, қолжазбалар мен этнографиялық дүниелер жер-жерлерде, музейлер мен мұрағаттарда және кітапханаларда аз емес. Бүгін, міне осындай қазынамыздың бірі 130 жыл бұрын баспа бетін көрген «Түркістан» фотоальбомы Қазақстан топырағына қайта оралды. Албом жөнінде аз-кем деректерді 1930 жылы ғалым М.Массон, 1986 жылдары академик Ә.Марғүлан, кейіннен басқа да бірсыпыра әдебиетшілер өз еңбектерін аталған альбоммен қиылыстырды.  

Ал, жақында зерттеуші, этнограф, Қазақстанның өнер, мәдениет, тарих салаларында маңызды мақалаларды жарыққа шығарған Тынышбек Дайрабай фотожинақты толтырып отыр. Бұған дейін Дайрабай Қорқыт Атаның 1300 жылдық тойына арналған кітапты құрастырушылардың бірі болып, өлшеусіз еңбек сіңіргенін тағы білесіздер. Ширек ғасырдан бері осы «Түркістан» альбомы туралы естіп-білген ол 1995 жылдан бері тұрақты ізденіске түсті. 

Альбомда Қазақстан мен Орта Азия халықтарының тарихи, мәдени, этнографиялық, археологиялық ескерткіштерінен 1300 дана фотосуреттер жинақталған. «Түркістан» альбомында Қазақстан және Орта Азия халықтарының тарихы, мәдени, кәсіптік, археологиялық, этнографиялық ескерткіштерінің ең озық үлгілері таңдалып отыр. Фотожинақ Түркістан генерал-губернаторлығына (1867-1917жж.) қараған Жетісу, Сырдария, Заравшан, Самарқанд, Ферғана (Қоқан хандығы) облыстарын қамтиды. Бұл күндері альбомдағы суреттер сұрыпталып, әрбіріне анықтама жазылды. Айта кету керек, суреттер негізінен 1866-1871 жылдары түсірілген. 

Ел тарихынан сыр шертетін құнды жинақта Түркістан шаһары халқының тұрмыс-тұрпаты, діни сенімі, салт-дәстүрі, тұрғын-жайы, киім-кешегі және өлкенің жалпы көрінісі орын тапқан. Сондай-ақ, өнеркәсіп пен техникалық тұрғыдағы елдің мәдениеті де ерекше бейнеленеді. Атап өтпесе болмас, кітап беттерінен қазақтардан бөлек, қырғыз, өзбек, тәжік, араб және тағы да басқа ұлт өкілдерін аңғаруға болады. «Түркістан» альбомы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына үлкен үлесін қосып отыр.

Елбасы кітапханасынан фотожинақтың қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі қысқартылған нұсқасын таба аласыздар.