2018 жылдың 2 ақпанында Елбасы кітапханасы Музейінің ғимаратында «Жердің алғашқы жасанды серігінің ұшырылуы Байқоңыр балаларының көзімен» балалар көрмесі ашылды. Көрменің ашылуына Райымбек батыр атындағы № 50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің және Астана қаласындағы Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубының оқушылары қатысты.

Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов алғы сөзінде Астана қаласының жас суретшілері мен мектеп оқушыларына:

– Жердің алғашқы жасанды серігінің ұшырылуы сынды тарихи оқиғалармен байланысты балалар шығармашылығына арналған көрмелер әрдайым өзіндік әсерлігімен ерекшеленеді. «Жердің алғашқы жасанды серігінің ұшырылуы Байқоңыр балаларының көзімен» акция авторларының көзқарасы бойынша суреттер (барлығы 5 мыңға жуық) қабылдаушының қолына тиген жағдайда Жердің серігі секілді ғарыш кеңістігіне жол тартты деп саналады. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевқа 200 жұмыс жіберілген. Бүгін біз осы жұмыстарды Елбасы кітапханасының музейінде ұсынғанымызға қуаныштымыз. Акцияның барлық қатысушыларына, көрменің қонақтарына алғысымды білдіремін, шығармашылық табыстар тілеймін, –деді.

Балалар көркемсурет мектебінің директоры Гүлзия Исенова:

– Көрмеге балалардың таңдаулы жұмыстары ұсынылған. Жердің алғашқы жасанды серігін ұшыру, ғарышты игеру тарихынан сыр шертетін бұл тамаша суреттер композициясы, бояу түстері, мазмұны жағынан әсерлі және қызықты. Оқушылардың суреттері ерекше шынайылығымен әрі жылылығымен тамсандырады. Жас суретшілер өз жұмыстары арқылы туған жеріне, қоршаған ортасына деген сүйіспеншіліктерін жеткізе білген. Бір сәтке ғарышты игерудегі ортақ тарихымызға бойлап, Қазақстанның игілігіне айналған отансүйгіштік қасиетін дәріптегені үшін көрмені ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғысымды білдіремін!

Акция 2017 жылы Байқоңыр ғарыш айлағының негізін салған Г.М. Шубников атындағы № 1 орта мектеп оқушылары айтулы датаға орай суреттер дайындауға бастама көтерді. Бұл шараны Қазақстан Республикасына қарасты Байқоңыр қаласындағы білім беру мекемелерінің оқушылары да қолдады.

Бір мезгілде екі құқықтық негізде қызмет ететін «Байқоңыр» кешенінің айрықша мәртебесін ескере келе, балалар өз шығармаларын Қазақстан және Ресей Президенттеріне жолдауға шешім қабылдады. Шығармалардың бір бөлігі Мәскеудегі Ресей Федерациясының Қоғамдық палатасында көрсетіледі.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевқа тарту етілген барлық суреттер «Балалық шақтан көзқарас» жобасы аясында Астана қаласындағы Елбасы кітапханасының Музейінде өткен көркемсурет көрмесінде қалың жұртшылыққа ұсынылды.