Астана күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының қос ғимаратында «Әлем таныған Елбасы» фотогалереясы ашылды. Фотогалереяда сыртқы саяси байланыстарымыздың панорамасы, Қазақстан Республикасының заманауи халықаралық аренадағы маңызды оқиғалар мен үрдістерге қатысуы Елбасының Жеке архив қорынан ұсынылған фото және видеоматериалдар көмегімен көрсетілген.

 

Экспозицияда Қазақстанның дипломатиялық қарым-қатынастар орнатқан елдермен байланыстарын көрсететін 200 астам фотосурет орналасқан.

Фотосуреттер ресми іссапарлар мен түрлі саммиттер кезіндегі кездесулерді ғана емес, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің шетел мемлекеттерінің басшыларымен жылы, достық қатынастарын көрсетеді.

Елбасы Кітапханасы Музейінің Күміс залында фотогалереяның тарихи бөлігі орналасқан. Бұл жерде Елбасының 1997-2004 жылдар аралығында Резиденцияның Күміс залында қабылдаған көптеген шетел мемлекеттерінің басшыларымен кездескен сәттерін бейнелейтін фотосуреттер қойылған.

 

Фотогалереяның негізгі мақсаты Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қызметі арқылы еліміздің сыртқы саясаттағы жетістіктерін, оның халықаралық аренадағы орны мен рөлін көрсететін фото және видео архив материалдарын толық әрі жүйелі түрде көрсету болып табылады.