«ЭЙЗЕНХАУЭР МҰРАСЫ» ЖЫЛ САЙЫНҒЫ КЕШКІ АСЫ, РОБОФУТБОЛ ЖӘНЕ ШАГАЛДЫҢ ГРАФИКАСЫ ӘЛЕМДІК ЖАҢАЛЫҚТАР ДАЙДЖЕСІНДЕ

ИНДОНЕЗИЯ ЖАСТАРЫ ОБАМА ҚОРЫ КӨШБАСШЫЛАРЫНЫҢ ФОРУМЫНА ҚАТЫСАДЫ

Индонезияның 18 өкілі жүздеген қатарластармен бірге Куала Лумпурде желтоқсан айында өтетін Обама қоры көшбасшыларының форумына қатысады.

Халықаралық форумға 33 мемлекеттен қатысатын 200 шақты адам білім беру, экология, байланыс, кәсіпкерлік саласындағы жұмыстарын ұсынбақ.

Семинарлар мен тренингтерден құралған іс-шара қатысушылардың қабілетін арттырып қана қоймай, халықаралық қарым-қатынасты кеңейтуге мүмкіндік береді. Оған бұрынғы АҚШ президенті Барак Обама мен оның жұбайы Мишель Обама, мемлекет қайраткерлері қатысады.

 

НЕЛЬСОН МАНДЕЛА ҚОРЫ 17-ШІ ДӘРІСІН ОҚИДЫ

Нельсон Манделла Қоры сенбі күні Соуэто кампусы Йоханнесбург университетінде жыл сайынғы 17-ші дәріс өткізуге дайындық жүргізіп, маңызды рөлге ие қоғамдық жұмыстарды жалғастыруға уәде береді.

Оңтүстік Африка Республикасының Бас судьясы (Жоғарғы Сот Төрағасы)  Могоенг Могоенг «Конституционализм трансформация құралы ретінде» тақырыбында дәріс өткізуді жоспарлап отыр.

Қордың атқарушы директоры Селло Хатанг Новости 24 жаңалықтар басылымына берген дәріс туралы сұхбатында, Бас Судьядан басқа ешкім халыққа Конституция негіздері туралы түсінікті жеткізе алмайтынын атап өткен.

Сондай-ақ Селло Хатанг соңғы төрт дәріс барысында Қор кедейшілік пен теңсіздік мәселелерімен жүйелі түрде айналысатынын атап өтті. Сондықтан, бұл жыл еш ерекшеленбейді.

Атқарушы директордың сөзіне сәйкес, «Конституционализм біздің қоғамымыз секілді әлі де өзгермеген тұрғысынан түсінікті болуы тиіс » - деді С.Хатанг.

Сондай-ақ, Новости 24 жаңалықтарындағы сұхбатта, Қор 2020 жылдың ақпан айында Нельсон Манделаның түрмеден шығарылғанына 30 жыл толуын еске алуды жоспарлап отырғандығы айтылған.

 

ТЕОДОР РУЗВЕЛЬТ АТЫНДАҒЫ ПРЕЗИДЕНТТІК КІТАПХАНА

 МЕДОРА ҚАЛАСЫ МЕН СОЛТҮСТІК ДАКОТАНЫҢ ШЫҒЫС БӨЛІГІНДЕ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Теодар Рузвельт атындағы музейдің басшылығы келесі жылға 4 кездесу жоспарлаған, алайда олардың біреуі ғана Солтүстік Дакота штатында өтеді.

Кітапхана қорының атқарушы директоры  Эд О’Кифи сапар бағдарламасы 6-7 ақпанда Вашингтонда, 28-29 сәуірді Нью-Йоркте, қарашаның ортасында Медора қаласында және 16-17 күндері Бостондағы кездесулерден тұрады деп хабарлады. Алайда іс-шараның өтетін орны әлі нақты таңдалмаған, десе де Медор қаласына жақын және Солтүстік Дакотаның батыс бөлігінде орналасқан Теодор Рузвельт Ұлттық паркінің жанындағы орын болатыны анық.

Эд О'Кифидің айтуынша, Шығыс жағалауындағы әрбір кездесу стратегиялық маңызға ие. Басшылық ел астанасы Вашингтонда Смитсондық институт пен Ұлттық парк өкілдерімен кездесу мен кеңес өткізе алады. Нью-Йорк қаласына сапар барысында делегация Президент Рузвельттің жастық шағы өткен, кейіннен резиденцияға айналған Сагамор төбесіндегі үйге бара алады. Одан әрі қарай Бостонға сапар аясында Теодар Рузвельт жазбаларының кең топтамасын көруге мүмкіндік болады.

 

ФРАНКЛИН ДЕЛАНО РУЗВЕЛЬТ АТЫНДАҒЫ КІТАПХАНА МЕН МУЗЕЙДЕ

ПЕРЛ ХАРБОР ҚАСІРЕТІНЕ АРНАЛҒАН КІТАПТЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Перл Харбор тарихындағы қайғылы күннің қарсаңында Франклина Делано Рузвельт атындағы кітапхана мен музейде «Террор. Шиеленіс. Америка дипломатының Перл Харборды қорғау үшін күресі» кітабының авторы Лью Пэйпермен кездесу өтті.

Аталмыш кітап Америка дипломаты Джозеф Грюдің ерлігінен сыр шертеді. Оның беттерінде АҚШ пен Жапония арасындағы соғыстың алдын алып, ортақ келісім орнатуды көздеген дипломаттың еңбегі жазылған. Токиода он жылдан астам уақыт қызмет етудің арқасында Жапонияның намысқой екенін, АҚШ-қа қорланғанша, өзін күйретуді таңдайтынын жақсы білген автор кітабында көптеген деректерді келтіреді.

 

ЭЙЗЕНХАУЭР ҚОРЫНЫҢ ЖЫЛСАЙЫНҒЫ СЫЙЛЫҒЫ ТАБЫСТАЛДЫ

Эйзенхауэр кітапханасында жыл сайынғы «Эйзенхауэр мұрасы» бұл ретте «Нептун» операциясының 75 жылдығы мен Екінші дүниежүзілік соғысқа арналады.

Эйзенхауэр қорының төрағасы Стивен Хоук Эйзенхауэр музейі жәдігерлерінің жаңартылғанын айтты. Оның сөзінше, Канзас қаласының 75% бұл істе үлкен қолдау танытады екен.

Іс-шараға қатысқан Екінші дүниежүзілік соғыстың 70-тен астам ардагері қатарында Джим Шарп болды. «Жаяу әскердің күнделігі», «Гвардия сержанты» атты кітаптың авторы Дж.Шарп тыңдаушылармен сұхбат құрып, естелік бөлісті.

Эйзенхауэр мұрасының сыйлығы жыл сайын өз саласының үздігіне айналған, ел игілігіне үлес қосқан азаматтарға беріледі. Биыл ол Бірінші жаяу әскер дивизиясына табысталды. Полковник Кевин Дж. Ламберт, Бірінші жаяу әскер дивизиясы штабының жетекшісі Форт Райли сыйлықты генерал Эйзенхауэрдің Мэри Джейн Эйзенхауэр мен Эйзенхауэр қорының вице-төрағасы Джим Хагертидің қолынан алды.

 

БАЛАЛАР «СҮЙІКТІ БАЙРАҒЫМ» ТАҚЫРЫБЫНА СУРЕТ САЛДЫ

Гейдар Алиев қоры Хатаинск ауданының спорт және ойын-ауық кешенінде балаларға арналған кезекті іс-шарасын ұйымдастырды.

9 қараша – Мемлекеттік ту күні қарсаңында өткізілген шараға Баку қаласының жетімдер үйі мен интернат мектептерінің тәрбиеленушілері қатысты. Әзербайжан туына ықыласын балалар «Сүйікті байрағым» тақырыбына салған түрлі-түсті суреттері арқылы білдірді.

 

ГЕЙДАР АЛИЕВ ҚОРЫНЫҢ ҚОЛДАУЫМЕН

«ӘЗЕРБАЙЖАН МУЗЫКАСЫНЫҢ КЕШІ» ӨТТІ

Пекинде Гейдар Алиев қоры мен Қытайдағы Әзербайжан елшілігінің қолдауымен Қытайдың шет мемлекеттермен достық қауымдастығы «Әзербайжан музыкасының кеші» концерттік бағдарламасы өтті.

Тыңдаушылардың қатарында Қытай коммунистік партиясының беделді азаматтары, Сыртқы істер министрлігі мен Қытайдың шет мемлекеттермен достық қауымдастығы өкілдері, Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Владимир Норов, Түркия, Ресей, Австрия, Люксембург сияқты т.б. мемлекеттердің Пекиндегі елшілері, дипломаттар мен ғалымдар, қала тұрғындары мен елдегі әзербайжандықтар қатысты.

Әзербайжан музыкасының белгілі орындаушылары, «Амарок», «Талант» музыка ұжымдары халық әндері мен авторлық әуендерді, ұлттық билерді орындады. Көрермендер оларды ду қол шапалақпен қарсы алды.

 

АЛЕКСАНДР ДЕМИДОВТЫҢ «ҚИЯЛ ЛАБИРИНТІ»

2019 жылғы 29 қарашада Беларусь Республикасының Президенттік кітапханасында «Қиял лабиринті» атты Александр Демидовтың жеке көрмесі ашылды. А. Демидов 1965 жылы Минскте дүниеге келген. А.К.Глебов атындағы көркемсурет училищесі мен Белорус өнер академиясын бітіріп, 1996 жылы Беларусь Республикасы суретшілер одағының мүшелігіне кіреді. Оның суреттері Беларусь пен Ресейде ғана емес, Еуропадағы мемлекеттік және жеке галереяларда ұсынулы тұр. Атап айтқанда, Демидовтың суреттеріне Германия, Франция, Ұлыбритания, Голландия, Бельгия, Австрия, Литва, Кипр, АҚШ елдері жоғары баға берген.

 

LIVRE D’ARTISTE БАСЫЛЫМДАРЫНЫҢ КӨРМЕСІ

8 қарашада Ельцин орталығының арт-галереясында «Livre d’artiste басылымының орыс суретшілері» көрмесі ашылды. Көпке белгісіз жанр «суретші кітабы» деген ұғымды білдіреді. Кезінде белгілі бір себептерге байланысты елден кеткен шеберлердің жұмыстары арт-галереяның екі қабатынан орын алды.

«Livre d’artiste» - 300 данадан аспайтын аз таралыммен шыққан басылым. Оларда негізгі ден суретшінің жұмысына қойылады. Бұл жанрда Пикассо, Дали, Миро сынды белгілі тұлғалар да ізін қалдырған. Livre d’artiste жоғарғы сұрыпты қағазда басып шығарылып, офорт, литография, ксилография сияқты техника түрлерімен безендірілген.

Эскпозицияда он бес суретшінің жиырма сегіз жұмысы ұсынылған. Олардың қатарында Александр Алексеев, Юрий Анненков, Наталья Гончарова, Соня Делоне, Леон Зак, Максим Кантор, Андрей Ланской, Иван Лебедев, Виктор Пивоваров, Серж Поляков, Иван Пуни, Леопольд Сюрваж, Константин Терешкович, Осип Цадкин, Марк Шагал бар.

Көрме 2020 жылғы 19 қаңтарға дейін жалғасады.

 

РОБОФУТБОЛ ЖӘНЕ ТОПТЫҚ ЖҰМЫС

6 қарашада Ельцин орталығында балаларға арналған роботехника курсы ашылды. Екі сағаттың ішінде кішкентай қатысушылар бір-бірімен танысып, түрлі робот түрлерін зерттеп үлгерді. Олар конструктор жинаудың қыр-сырын меңгеріп, жасап шығарған өз роботтарын футбол матчына қатыстырды.

Сабақ барысында оқушылар балаларға арнайы дайындалған VEX IQ конструкторларын қолданды. Сертификаты бар білім беру бағдарламасы 7 лаборатория жұмысынан құралған. Оларды орындау барысында қатысушылар жобалау қабілетін арттырып, топпен жұмыс істеуді үйренеді.

Жаттығу соңында ойнатылған футболға LEGO mindstorms EV3 роботтары қатысты. Оларды қолға алған балалар Funtronic интерактивті алаңындағы робот-футболшыларға қақпаға доп тебуді үйретті.

 

ДЫБЫСТЫҢ ТАБИҒАТЫН СИПАТТАҒАН СПЕКТАКЛЬ ДӘРІСІ

Ельцин орталығының театрында ерекше үлгідегі музыка спектаклі өтті. Балалардың назарына «Дыбыстың табиғаты» атты спектакль дәрісі ұсынылды.

Интерактивті спектакль бүлдіршіндерге дыбыстың табиғатын жеңіл, қонымды үлгіде түсіндіріп, қалай үндесіп, музыка құрайтынын көрсетті. Сценарий бойынша оған балалардың өзі де қатысты. Олар қарапайым құралдардың көмегімен дыбыс шығарып, кез келген музыканың құрылысын ажыратуды үйренді.

Кезекті спектакль дәрісі 16 қарашада өтеді.

 

«ЖЕР ТӨБЕСІНДЕ». СОЛТҮСТІК ПОЛЮСКЕ ЭКСПЕДИЦИЯМЕН БАРҒАН И. ПАПАНИННІҢ САПАРЫ ЖАҢА ДЕРЕКТЕРМЕН ТОЛЫҚТЫ

2019 жылғы 26 қарашада Арктиканы зерттеген белгілі ғалымдардың бірі Иван Папаниннің 125 жылдығы атап өтілмек. Осы орайда Ресей Федерациясы Президенттік кітапханасының қоры зерттеушінің өмірінен сыр шертетін көпке белгісіз басылымдарды ұсынады.

Сирек кездесетін «Төрт қаһарман» («Героическая четвёрка») кітабы 1938 жылы жарыққа шыққан. Оның беттерінде И.Д. Папаниннің өмірі, жастық шағы мен балалық кезі келтіріледі. Келешек контр-адмирал, география ғылымдарының докторы теңізшілер мен кедей балықшылардың мекеніне айналған Севастополь қаласында дүниеге келген.

Папаниннің тобы Мұзды мұхиттың түбін зерттеп, полярлық ағынның құбылыстарын анықтаумен айналысқан. Құрлықпен байланысқа олар тек радио арқылы шығып, ғылыми жаңалықтарын айтумен қатар, елде қандай оқиға болып жатқанын біліп отыратын.

Күллі әлем Вишневский айтқандай, «жер төбесінде» жүрген төрт зерттеушінің тағдырын әбден уайымдады. Президенттік кітапхананың порталында И. Папаниннің жетекшілігімен Солтүстік полюсте өткен экспедицияның суреттері мен бейнехроникасын табуға болады.

 

РФ ПРЕЗИДЕНТТІК КІТАПХАНАСЫ СТУДЕНТТЕР АРАСЫНДА БАЙҚАУ ЖАРИЯЛАЙДЫ

2019 жылғы 1 қарашада студенттер арасында үздік зерттеу жұмысын жариялаған Ресей Федерациясының Президенттік кітапханасы жұмыстарды қабылдау жұмыстарын бастады.

Байқау шартына сәйкес, үміткерлер Президент кітапханасының қорында сақтаулы тұрған фото, аудио, бейне материалдар мен кітап басылымдарын қолдануы тиіс. Бұл деректер Ресей тарихы, орыс тілі, география, өнертану сияқты т.б. көптеген бағыттарды қамтиды.

Қазылар алқасы «Үздік курстық жұмыс», «Үздік дипломдық жұмыс», «Орташа білім беру мекемесінің оқушыларына арналған мультимедиялық сабақтың үздік әдістемесі», «Ғылыми журналистика бағытындағы үздік жұмыс», «Үздік ғылыми-зерттеу жұмысы» номинациялары бойынша жұмыстарға баға береді.

 

РФ ПРЕЗИДЕНТТІК КІТАПХАНАСЫНДА «ЕУРАЗИЯ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ

Ресей Федерациясы Президенттік кітапханасында өткен «Еуразия экономикасының болашағы» атты VI халықаралық форум бұл ретте  Еуразия елдерінің ынтымақтастығын нығайту тақырыбын қозғады.

Кездесуге мемлекеттердің заң шығарушы және атқарушы билігі өкілдері, атап айтқанда, Ресей, Беларусь, Қазақстан, Армения, Қырғызстан, Әзербайжан елдерінің азаматтары мен Еуразия экономика комиссиясының мүшелері, Еуразия университеттері қауымдастығына кіретін жоғарғы оқу орындарының ғалымдары мен сарапшылары, саясаттанушылар мен қоғам қайраткерлері, т.б. қатысты. Іс-шарада сондай-ақ Германия, Қытай елдерінің мамандары да болды.

Пленарлық отырыспен басталған өткен «Еуразия экономикасының болашағы» форумының жұмысы дөңгелек үстелдермен жалғасты.