2018 жылғы 30-31 мамырда Астана қ. Жоғарғы медицина колледжі мен «Даналық» колледжінің студенттері Елбасы кітапханасында бас қосты. Жастар игі дәстүрге айналған «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингіне қатысты.

Екі күндік іс-шара барысында 50 студент Елбасының стратегиялық мақаласына негізделген оқу бағдарламасын меңгеріп, мақалада белгіленген мәселелерді ортаға салды. Олар «Бәсекеге қабілеттілік – XXI ғасырдағы ұлттың жаңғыруы», «Қазақстанның тарихи жолы және эволюциялық дамуы», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Ашық сана – болашаққа бастар жол» дәрістерін тыңдап, «Қазақстан жолы» интерактивті ғылыми-білім беру орталығындағы топтық ойындар, психологиялық жаттығулар, практикалық тапсырмалар іспетті тренингтерде белсенділік танытты.

Семинар-тренингке қатысты пікірімен бөліскен «Даналық» колледжінің 2 курс студенті Виктория Балашко былай дейді:

– Бүгін біз аталмыш семинар-тренингті ойдағыдай тәмамдадық. Іс-шарадан алған әсеріміздің әлі көпке дейін сақталары анық. Прагматизм мен бәсекеге қабілеттілік тақырыбындағы дәрістер мен тренингтер ой-өрісімізді кеңейтті. Ал дәріскерлердің жастармен байланыс орнатудағы шеберлігі тақырыптың маңыздылығын тереңірек ұғынуға түрткі болды.  Біз жоба құруды үйреніп, өзара пікірсайыс құруда жеке қасиеттерімізді дамыта түстік. Экскурсия барысында Елбасының авторлық кітаптарымен танысып, мемлекет басшыларының Президентімізге тарту еткен ордендері мен кәдесыйларын, өзге де сыйлықтарын тамашаладық. Іс-шара аясында өткен саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен кездесу де есімнен кетпес. Осы орайда семинар-тренингке қатысу мүмкіндігін берген Елбасы кітапханасына алғысымыз шексіз!

– «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингі бізге рухани азық беріп, дүниетанымымызды ұлғайтты. Оның аясында біз мемлекеттілігіміздің тарихын сонау Керей, Жәнібек хандар дәуірінен Елбасымыздың тұсына дейін зерттедік. Н.Ә.Назарбаевтың тұжырымдық идеялары мен жаһандық бастамаларымен таныстық. Мемлекетіміздің тұстастай жаңғыруы үшін әрбір азаматтың санасы мен рухы жаңғыруы тиіс екенін ұғындық. Ұмытылмас күндер үшін Елбасы кітапханасына көп-көп рахмет! – дейді Жоғарғы медицина колледжінің студенті Нұрсейіт Жамаладдинов.

Семинар-тренинг аясында жастар Елбасы кітапханасының Музейі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық музейімен танысты. Іс-шараның соңғы күні – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде олар Қазақстанға жер аударған халық өкілдерінің ұрпақтарымен кездесті.