Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы музейіне 2018 жылы 7-қарашада Елбасының сыныптасы Рая Сиразитдинова қызы Раушан Тоқсанбаева келді. «Елбасы сыныптастары» кітабы авторларының бірі болып табылатын Рая апай музей экспозицияларымен етене танысып, Елбасының өмірбаяны, жастық шағы туралы естеліктерімен бөлісті. Келушілерге сәрсенбіде арнайы ашылған «Камин залы», «Қысқы бақ», «2-ші «Қабылдау бөлмесі» залдарын көріп тамашалады.

«Атамекен» экспозициясындағы Елбасының оқушылық кезеңіне арналған бөліміндегі фотосуреттер, құжаттармен таныса тұрып, Рая апай естелігін тарқатып: «Мектеп баласының көзге түсер жері – сабақ үлгерімі мен қоғамдық жұмыстары ғой. Нұрсұлтан оқуда, көркемөнерпаз үйірмесі шараларында, комсомол жұмыстарында, басқа да қоғамдық жұмыстарда барлығының басында жүретін. Мектепте кездесу, би кештерін ұйымдастырып, сол кештерде өзі гармошкасымен әуендете түрлі ән де шырқайтын. Оныншы сынып оқып жүргенде, ауданда мектепаралық спорт жарысы өтетін болды. Дене шынықтыру сабағынан дәріс беретін ұстазымыз Рагим Дурсунов сайысқа қатысушыларды өзі таңдайтын. Шаңғы және мылтық атудан жарыс болғалы жатқан. Ұстазымыз келіп ұлдардан Нұрсұлтанды, қыздардан мені таңдады. Қатты қобалжыдым. Сонда Сұлтан: «Рая, қорықпа, өз-өзіңе сенімді бол. Бізді мектеп болып сенгендіктен таңдады, сол себептен біз жеңеміз»- деді.  Осы сөзден кейін бойыма күш-жігер жинадым. Бұл жарыста біз жүлделі боп оралдық. Әр жағдайда Нұрсұлтанның «Сенімділік керек» деген сөздерін есіме алып жүрдім, сол сөздер осы күнге дейін маған күш беріп келеді. Ал қазіргі кезде бәріміз Нұрсұлтанның сенімділігі мен қайратының куәсі болып отырмыз» деп, Елбасының бойындағы көшбасшылық қасиетінің жастық шағынан-ақ байқалғаны туралы баяндап берді.

Рая Сиразитдинова 1957-1958 жылдар аралығында Алматы облысы Қаскелең қаласындағы Абай атындағы орта мектепте Елбасы
Н.Ә. Назарбаевпен бір сыныпта оқыған. Алматы қаласындағы КазПИ-дің (қазір Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университет) физика-математика факультетін тәмамдап, мұғалім мамандығын игеріп шыққан. Абай атындағы мектепте физика пәнінен сабақ беріп, кейіннен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы мектепте ұзақ жылдар ұстаз болып еңбек атқарған. Қазіргі уақытта зейнеттік демалыста. Алматы, Қаскелең қалалары, Шамалған ауылында қоғамдық, көпшілік іс-шаралардың әрдайым ортасынан табылатын қадірлі қария. Елбасының өмірбаянына қатысты деректер мен ақпараттарды іздестіру кезінде Елбасы кітапханасы қызметкерлеріне әрдайым қолғабыс көрсетіп жүретін қамқор жан.

Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері Ләйла Омарова, ғылыми қызметкері Гүлмира Атабаевалар экскурсия барысында құрметті қонақтан Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың өмірбаянына қатысты бірнеше сауалдар қойып, зерттеу жұмыстарына негіз болатын мазмұнды жауаптар алды.

Құрметті қонақ Рая Сиразитдиноваға Елбасы кітапханасынан естелікке кітаптар, оның ішінде Рая апайдың естелігі енгізілген «Замандастар естеліктері» жинағы және «Менің елім», «Ұлағатты ұстаздар» сынды басқа да басылымдар мен кітаптар тарту етілді.

Рая Сиразитдинова тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатқан Елбасы кітапханасының қызметкерлеріне өзінің шынайы алғысын айтып, ризашылығын білдірді.