ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ЖАҢА ЭКСКУРСИЯЛЫҚ БАҒДАРЛАМАЛАРЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ

8 қазан күні, 10-00 сағатта Елбасы кітапханасының басшылығы мен Экскурсиялық қызмет елорданың туристік саласын жоспарлау, дамыту және ілгерілету жөніндегі негізгі ұжым «Астана Конвеншн Бюро» өкілдерімен; ішкі туризммен айналысатын туристік компаниялардың экскурсия жетекшілері және гид-аудармашыларымен; қала мектептері мен колледждердің сыныптан тыс жұмыс ұйымдастырушыларымен кездесу өткізеді.

Басқосу барысында қонақтарға Елбасы кітапханасының жаңа экскурсиялық бағдарламалары, оның ішінде тартымды квесттер, «Отбасымызбен бірге музейге», «Ұжымымызбен бірге музейге» жобалары ұсынылатын болады. Сондай-ақ, кездесуге қатысушылар тың экспозициялармен, көрмелермен және ақпараттық қызмет көрсетумен танысып, квест-экскурсия қатысушысы, тақырыптық экскурсиялар тыңдарманы болу мүмкіндігіне ие болады.

  Туристік сала өкілдері кездесуден алған тәжірибелерін шетелдік және басқа қалалардан келетін туристерді тартуға, ел тарихы мен мәдениетін таратуға, жалпы елорда мен Қазақстанның имиджін дамытуға толықтай қолдана алады. 

Елбасы кітапханасы қызметкерлерінің педагогтарға ұсынатын мәліметтерінің оқушыларды жан-жақты дамыту жөніндегі жұмысты ұйымдастыруда, адамгершілік-патриоттық, эстетикалық тәрбиелеуде, музейлік сабақтарды дайындауда, жеке тақырыптар бойынша оқушылардың білімін бекіту мен тереңдетуде пайдасы мол.

Сонымен қатар, одан әрі ынтымақтастық пен серіктестікті дамыту мәселелері де талқыланады.

 

Нұр-Сұлтан қаласы, Әлихан Бөкейхан көшесі, 1-үй,

Назарбаев орталығы