Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының Оңтүстік Қазақстан облысы жастарына арналған көшпелі экскурсиялары өз мәресіне жетті. Ағымдағы жылдың 18-19 сәуірінде «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы аясында ұйымдастырылған экскурсияларға бұл ретте Түлкібас агробизнес жəне саяхат колледжі мен Ақсукент гуманитарлық-агроэкономикалық колледжінің студенттері қатысты.

– Елбасы кітапханасының көшпелі экскурсиялары президенттік институттың қалыптасуындағы Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаевтың негізгі рөлін бейнелейді. Іс-шара біздің өңіріміздің саяси және мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі болары сөзсіз. Көрермендердің назарына Кітапхана қорының құнды материалдары ұсынылған. Осындай ауқымды іс-шараны өткізу – облыс жұртшылығы үшін үлкен мәртебе, - деп Түлкібас ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбеков ризашылығын білдірді.

Түлкібас агробизнес жəне саяхат колледжінің 1 курс студенттері Аяна Қалдыбек пен Фариза Жолдас көшпелі экскурсиядан алған әсерлерімен бөлісті:

– Елбасы кітапханасының қызметкерлерімен тәуелсіздігіміздің тарихын бірге парақтап, білім қорын жаңа ақпаратпен сусындатқанымызға қуаныштымыз. Таныстырылым барысында Мемлекет басшысының  қызмет жолы жан-жақты көрсетілді. Біз үшін Нұрсұлтан Әбішұлының бойына тән қасиеттер отансүйгіштіктің, адалдықтың, әділдіктің айқын үлгісіне айналып, ой түюімізге түрткі болды. Шыны керек, ол кісі жазған бір қатар кітаптар мен олардың мазмұнымен танысарда бойымызды ерекше мақтаныш сезімі биледі. Себебі, Елбасыдай еліміздің алып қорғаны барда аспанымыз ашық, жұртымыз тыныш бола бермек, - деді қыздар.

Ал Ақсукент гуманитарлық-агроэкономикалық колледжінің студенттері Асылхан Абасханов пен Индира Абдуллаева Елбасының жастық шағына қатысты деректерді қызыға тыңдағанын айтады:

– Бозбала кезінде Украина секілді өзге мемлекеттен еш жатырқамай, жаңа достармен тез тіл табысып кеткен Елбасының көпшіл қасиетіне қарап-ақ оның болашақ дипломат екенін аңғаруға болар еді. Бүгінде біздің назарымызға ұсынылып отырған Президентіміздің жоғарғы марапаттары шет мемлекет басшыларының сый-құрметін дәйектейді, - дейді Асылхан. Оның сөзін жалғастырған Индираның айтуынша, Н.Ә.Назарбаевтың өмір жолы жастарға өнеге:

– Елбасының балалық шағына қарап, қарапайым отбасыдан шығып-ақ, білімге құштарлық пен еңбекқорлықтың арқасында биік белестерді бағындыруға болатынын ұғынуға болады. Бұл дерекпен танысқан кез келген оқушы мен студенттің ынталанбауы мүмкін емес. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы Мемлекет басшысының ерен еңбегін, егемен еліміздің қол жеткізген жетістіктерін айшықтайтын Елбасы кітапханасының экскурсиясынан алар тағылым мол, - дейді ол.

Үш күндік іс-шараға Оңтүстік Қазақстан облысынан 415 студент қатысты. Естеріңізге салсақ, «Тұңғыш» көшпелі тақырыптық экскурсиялар топтамасы Қазақстан Республикасындағы президенттік институтты бекіту күніне орай ұйымдастырылған болатын.