2018 жылғы 8 қазанда Елбасы кітапханасында Польша Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі және Ұлттық естелік институтымен (Польша) бірлесе ұйымдастырған  «XVIII-XX ғғ. Польша татарларының Польша тәуелсіздігі үшін күресі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, Польшаның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Селим Хазбиевич, Чехия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Элишка Жигова, Украинаның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Иван Кулеба, Грузияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Зураб Абашидзе, Әзірбайжан Республикасы, Біріккен Араб Әмірліктері, Беларусь Республикасы, Ресей Федерациясы, Түркия Республикасы және Жапония елшіліктерінің өкілдері, шетелдік және отандық ғалымдар, зерттеушілер, Астана қаласы жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.   

Көпке танымал емес этникалық-тектік құрылым болып табылатын Польша татарларына арналған конференция аясында аталмыш тақырыпта көрме ұсынылды.

Елбасы кітапханасының бірінші орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов іс-шараның қатысушылары мен қонақтарын құттықтай отырып, Польша мен Қазақстанды еліміздегі мыңдаған поляк диаспорасы, екі халықтың тарихи тағдырларының ортақтығы, сонымен қатар өте жақын рухани,мәдени және гуманитарлық байланыстарға негіз және одан әрі дамудың кепілі болатын ғасырлар бойы қалыптасқан мығым дәстүрлер байланыстыратынын атап өтті.   

– Қазақстан мен Польша қарым-қатынасының тарихы тереңде. XIX ғасырда Ресей патшалығы самодержавиенің саяси қарсыластары мен бостандыққа қарсы күрескерлерін, оның ішінде поляктарды да Қазақстан аумағына айдады. Олардың көпшілігі, атап айтар болсақ, қазақ халқының тарихын белсенді зерттеген, қазақтар туралы тарихи және этнографиялық жазбаларымен танымал поляк этнографы Адольф Янушкевич сынды зиялылар еді. Оның «Қазақ даласындағы сапардың жазбалары» атты кітабы бірнеше тілге аударылған. Қазақстанға жер аударылған поляк патриоты Бронислав Залесский қазақтардың  өмірі мен күнделікті тұрмыс-тіршілігін алғаш рет кескіндемеде бейнеледі. Ол экспедициямен бірге он жыл бойы нұсқаға арналған дәптерінен айырылмай қазақ даласында саяхаттады. Кейін, Залесский 1865 жылы Парижде еуропалықтар үшін Қазақстанның нағыз ашылуы болған «Қырғыз даласының өмірі» атты альбом-кітабын шығарды. Бронислав Залесскийдің туындылары Елбасы кітапханасының қорында сақтаулы екенін де айтқым келеді. Сондай-ақ, 2005 жылдың шілдесінде суретшінің 185 жылдығына орай «Қазақ даласының өмірі» атты көркем сурет көрмесі ұйымдастырылып, елорда тұрғындары мен қонақтары Залесскийдің еңбектерімен тереңірек танысқан болатын. Арманшыл поляк ақыны Густав Зелинскийдің «Қырғыз» және «Дала» поэмалары қазақ тақырыбына арналған әлем әдебиетіндегі ең алғашқы шығарма болды. Владимир Недзвецкий Жетісу мұражайының негізін қаласа, ал Семейге жер аударылған Северин Гросс «Қырғыздардың құқықтық өмірін зерттеуге арналған материалдар» атты тамаша еңбекті шығарды. Этнограф-музыкант Александр Затаевичті Қазақстанның поляк әншісі деп құрметтейді. Затаевич қазақ достарына: «Қымбатты жігіттер-достарым! Осы еңбекті Сіздерге арнап, Сіздермен бірге атқарылған еңбегіміздің нәтижесі ретінде жолдаймын ... мен талантты қазақ халқын мәңгілік жақсы көріп кеттім», - деген болатын. Польша мен Қазақстанды тек қана экономикалық және саяси мүдделер емес, Қазақстан аумағында генерал Андерстің басшылығымен Польша әскерлерінің жеке бөлімдерінің жасақталуы сынды Ұлы Отан соғысы туралы ортақ естеліктер де байланыстырады. Жамбыл облысының Мерке ауылында поляк жауынгерлеріне ескерткіш тақта орнатылды, - деді алғысөзінде Әмірхан Мұратбекұлы. Ол Қазақстан мен Польша қарым-қатынасы - саяси, экономикалық, гуманитарлық және мәдени тұрғыдағы дамудың үлгісі бола алатындығын да атап өтті.

Сондай-ақ, Ә.М. Рахымжанов польша қонақтарын Польша тәуелсіздігінің 100 жылдығы атаулы күнімен құттықтады.

Польшаның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Селим Хазбиевич іс-шара қатысушыларына құттықтау сөзін арнады. Ол Польша тәуелсіздігінің  жүз жылдық мерейтойы қарсаңында оның тарихына, мәдениетіне және салт-дәстүріне арналған әртүрлі шаралардың өткізіліп жатқанын тілге тиек етті.

– Польша татарлары Алтын Ордадан шыққан, олар польша даласына XV ғасырда табан тіреп, әрқашан Шығыс пен Батыс арасында болды. Олар, бір жағынан, Еуразия халықтарының ішіндегі Батысқа дейін жылжыған этникалық топ болса, екінші жағынан шығыс халықтары арасындағы еуропалық мәдениет пен еуропалық өркениет өкілдері. Польша татарлары әрқашан Польшаның тәуелсіздік жолындағы күреске қатысты: XV ғасырдан бастап польша әскерінің кавалериялық жасағын құраған арнайы татар әскерлері болды. Татарлардың соңғы  кавалериялық эскадроны 1939 жылы, екінші дүниежүзілік соғыстың басталуымен Польша үшін соғысқа аттанды. Осы кезде саны аз татар халқының Польшадағы әскери тарихы аяқталды. Польша татарлары – поляк ұлттық мемлекеттік тарихи дәстүрінің бір бөлігі болып табылады, - деді ол.

Белосток қаласындағы Ұлттық естелік институты филиалының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Пиотр Кардела Ұлттық естелік институтының басшысы Ярослав Шаректің үндеуін конференция қатысушыларына оқып берді:

– Биыл аталып жатқан Польшаның тәуелсіздік алғанының жүз жылдығы – халқымыз бен мемлекетіміздің сан ғасырлық тарихындағы татар қауымдастығының рөлін еске алудың және оған назар аударудың керемет мүмкіндігі болуда. Бүгінгі ұсынылып отырған көрмеміз поляк-татар тарихының картасын ашпақ. Біздің қарым-қатынасымыздың тамыры - қырым татарларының бір бөлігі өз жерлерін тастап, сол кезеңде Речь Посполитаясының бір бөлігі Литва князьдігінің аумағынан баспана іздеуге мәжбүр болған сонау XV ғасырдан бастау алады. Осы  уақыттан бастап татар халқы жаңа отанына деген ыстық махаббаты мен құштарлығын таныта білді және поляк туының абыройын соғыс алаңында қорғау арқылы дәлелдеді.

Белосток қаласындағы Ұлттық естелік институты филиалының қызметкері, тарих ғылымдарның докторы Вальдемар Бренда «Польша тәуелсіздігі» атты баяндама жасады. Оның әріптесі, тарих ғылымдарының докторы Лукаш Любич Лапински «Татарлар Польшаның тәуелсіздігі үшін күресте» атты баяндамасын ұсынды. Астанада қаласындағы «Тан» татар-башқұрт мәдени орталығының өкілі, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Зухра Саяпова Қазақстандағы татарлардың тарихи тағдыры туралы әңгімелеп берді.

«XVIII-XX ғғ. Польша татарларының Польша тәуелсіздігі үшін күресі» атты конференция – Елбасы кітапханасы мен Польшаның Қазақстандағы елшілігінің алғашқы бірлескен жобасы емес. Серіктестіктің табысты нәтижелері деп мына шараларды айтуға болады: 2009 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Ұлы дала бейнесі ...» көрмесі, 2010 жылғы қазан айында «Шопенге арнау» атты көрме мен музыкалық кеш, 2011 жылы өткізілген «Қазіргі заманғы поляк графикасы» көрмесі мен 2012 жылы өткен «Ынтымақтастық және өзара түсіністік жолымен» атты көрме.