«Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингіне қатысып, білімдерін арттыру үшін сәрсенбінің сәтінде Қазақстанның жоғарғы үш оқу орнының студенттері Елбасы кітапханасына арнайы келді.

Семинар-тренигтің бірінші күні Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінен, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінен және А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінен келген қатысушылар Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкерлерінің дәрістерін тыңдады.Тәжірибелік жаттығулар мен тренигтерді жүргізген педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Күнсұлу Серікқызы студенттердің бәсекелік қабілеттіктерін атап өтті:

–Бүгін еліміздің беделді үш университетінің студенттері Елбасы кітапханасында бас қосты. Жалынды жастардың ұйымшылдығы мен тапқырлығына риза болдым. Командалық ойында әр университеттің студенттері бір-бірімен етене араласып, өз ойларын ортаға салды. Елімізде талапты да талантты жастардың өсіп келе жатқандығы көңілге қуаныш ұялатады.

 

Әр өңірден келген студенттер Елбасы кітапханасында өткен бірінші күндерінің әсерімен бөлісті.

– Ең алдымен Елбасы кітапханасының басшылығына осындай  тағылымы мол семинар-тренинг ұйымдастырғаны үшін алғысымды білдіремін. Қандай керемет ғимарат! Мықты мамандар! Елбасы кітапханасында тең дәрежеде сөйлесіп, пікір алмаса алатын достар таптым, - деді Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың 3 курс студенті Жалғас Жанболатұлы.

С.Торайғыров атындағы ПМУ-нің студенті Алина Құсманова:

 

– Алғашқы дәрістен-ақ біраз мағлұмат алдым. Жетекші ғылыми қызметкер, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғазиз Телебаев «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» тақырыбын дәріс беру барысында өте жақсы түсіндіре білді. Бұрын мен рухани жаңғыруды тарих арқылы болашақты үйлестіру деп ойлап жүретінмін. Осы кісінің сабағынан кейін бұл бағдарламаның негізгі тамырына тереңінен бойлай алдым.

Дәрістен кейін қатысушыларға Елбасы кітапханасының Музейі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне экскурсия ұйымдастырылды.

Ертең де жалғасатын семинар-тренингке қатысушы 65 тыңдаушы «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының  төрағасы Данияр Сүндетбаевпен кездеседі. Сондай-ақ екі күндік семинар-трениг марапаттау рәсімімен ұласады.