27 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингінің марапаттау рәсімі өтті.

Екі күндік семинар-тренингінің осы жолғы қатысушылары – Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті мен М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері.

 

Еліміздің Шығысы мен Батысынан келген студенттер екі күнде Елбасы кітапханасындағы білікті мамандардың семинар-тренингіне қатысып, ғылыми қызметкерлердің Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың тұжырымдамалық идеялары мен жаһандық бастамаларын зерттеуге бағытталған дәрістерін тыңдап, ой-өрістерін кеңейтті.

Курс аясындағы тренингтер мен тәжірибелік сабақтардан лидерлік қасиеттерді қалыптастырып, жобалық әрі сыни ойлауға дағдыланған тыңдаушыларды Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов құттықтап, семинар-тренингтің маңыздылығына тоқталды.

– Бүгін Елбасы кітапханасына Абай мен Махамбет елінен білімді студенттер  келген екен. Сіздер екі күн бойы сәулеті ерекше ғимаратта кітапхананың ғылыми қызметкерлерінің семинар-тренингіне қатыстыңыздар. Бізде әр оқу жылы жоспар бойынша семинар-тренингтердің тақырыбы өзгеріп тұрады. Осы жолы «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» деп аталса, келесі жылы дәрістер, тәжірибелік сабақтар басқа да маңызды такырыпқа арналатын болады, - деді Әмірхан Мұратбекұлы.

Сонымен қатар, семинар барысында тыңдаушылар «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері, «Рухани жаңғыру» кеңселік басқармасы «Атамекен» ішкі бағдарламасының бас менеджері Нұрлан Өтешевпен кездесті.

– Екі күндік семинар барысында «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» бағдарламасы бойынша білетінімізді одан әрі жетілдірдік. Болашақта заман талабына сай осы бағдарламамен жүру керек екендігімізге тағы да көз жеткіздік. Бұл семинар-тренингтен алған әсерді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Біздің де ел жастары ретінде өз ой-пікіріміз бар. Түрлі идеямызды Елбасы кітапханасында кәсіби мамандармен бөлістік. Білімді сарапшылардан баға алу – даму жолымыздағы бір белес, - деп ой бөлісті М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Айымбек Сарымсақов.

Елбасы Кітапханасында өткен «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингінің марапаттау рәсімінде Шәкәрім атындағы Семей мемлекетік университеті және М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінен келген 71 тыңдаушыға сертификаттар табысталды.