Үстіміздегі жылдың 3 маусымында Астананың 20 жылдық мерейтойының қарсаңында Елбасы кітапханасының Музейінде «Бала және мәдениет» жобасы аясында қаланың ең кішкентай тұрғындарына арналған «Гүлдей жайна, Астана!» балалар мерекесі өтті.

Елорда күнінің құрметіне балалар мерекесін өткізу Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы мен Астана қаласы Білім басқармасының мектеп жасына дейінгі мекемелерімен әріптестігінің жақсы дәстүрі мен жемісті нәтижесіне айналды. Ғылыми-қолданбалы зерттеулер қызметінің басшысы Назира Мусинаның айтуы бойынша, дәстүр 2006 жылы бастау алған: «Әр қазақстандықты жастайынан өз қаласын сүйіп, құрметтеуге тәрбиелеу, еліміздің тарихи оқиғаларына араластыру өте маңызды. Мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыс істеу – қызықты тәжірибе, үлкен жауапкершілік пен зор қуаныш, себебі бүлдіршіндер өте нәзік, көңілдері пәк періштедей, олардың кішкентай жүректері жас елордамызбен үндесіп жатыр».

Биылғы мерекелік іс-шара № 37 «Арман» балабақшасының ұжымымен бірлесіп дайындалды. Мерекеге Білім басқармасының әдіскерлері, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшылары, балабақшаның тәрбиеленушілері мен ата-аналары қатысты.

Шараны ұйымдастырушылар жылулық пен достықтың сиқырлы әлеміне жетелеп, ерекше мерекелік әсерге бөледі. Мереке барысында кішкентай астаналықтар әдеби-музыкалық композиция, театрланған қойылымдар, би-хореографиялық өнерлерімен көпшілікті тәнті етті.

Кішкентай Ерасыл барлық қазақстандықтарды келе жатқан елорда күнімен құттықтады: «Астана – көркімен көз тартатын әсем қала. Бұл қалада менің ата-анам тұрады. Мен Астананы жақсы көремін».

Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымының кандидаты Ботагөз Қайыпова қатысушыларды келе жатқан мерекелерімен құттықтап, Елбасы кітапханасы ұжымының атынан «Арман» балабақшасының ұжымына Мемлекет басшысы туралы «Н. Ә. Назарбаев. Өмірбаян» кітабы мен алғыс хат тапсырып, кездесуді қорытындылады.

Дәстүрлі мереке елорда көгіне әуе шарын ұшырумен тәмамдалды.