2018 жылғы 6 маусымда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Аймақтық ынтымақтастық – Орталық Азия елдеріндегі тұрақтылықтың кепілі» халықаралық дөңгелек үстелі өтті.

Іс-шара Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында, Орталық Азия елдерінде тұрақтылық сақтау маңыздылығын отандық және шетелдік саясаткерлермен, беделді сарапшылармен талқылау мақсатында ұйымдастырылды. Ол сондай-ақ Орталық Азия аймағын (ОАА) ілгері демократияландырып, қарқынды дамыту үшін, аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету факторы ретінде ОАА мемлекеттерінің экономикалық, әлеуметтік-саяси, мәдени-рухани ынтымақтастығын дамытуға қатысты білім көкжиегін кеңейту мақсатында өткізілді.

Оның аясында қатысушылар ОА елдерінің дипломатиялық қатынастары мен ынтымақтастығын дамыту алғышарттарын; ОА мемлекеттеріндегі әлеуметтік-саяси жаңғыру мәселелерін; халықаралық, дінаралық келісім мен рухани даму мәдениетін сақтау маңыздылығын; аймақ тұрақтылығын қамтамасыз етудегі ОА көшбасшыларының рөлін; аймақтағы интеграциялық үрдістерді; қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету факторы – Н.Ә.Назарбаевтың сыртқы саяси және бітімгерлік бастамаларын ортаға салды.

Дөңгелек үстелдің модераторы, Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов Қазақстанның сыртқы саясаты мен Елбасының стратегиялық бастамаларына қатысты іс-шараларды өткізудің Кітапхана үшін игі дәстүрге айналғанын сөз етті. Оның айтуынша, мұндай шаралар халықаралық интеллектуалды алаңымызды өз елімізде ғана емес, оның шекарасынан тыс дамытпақ. «Қазақстандағы Өзбекстан жылы екі халықтың шынайы бауырластығын танытады. Бұл байланыс тамырының тереңдігімен, ортақ тарихымен және бабаларымыздың бай рухани мұраларымен нығайып отыр», - деп Әмірхан Мұратбекұлы 2018 жылғы 15 наурызда өткен Қазақстандағы Өзбекстан жылының ашылу рәсіміндегі Елбасы сөзін келтірді.

– Аймақтағы рөлі мен жауапкершілігін білетін Қазақстан аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, жаңа сын-тегеуріндерге, шектес аудандардан төнетін қауіпке төтеп беруге әрдайым жан-жақты күшін салады. Ол шиеленіс тудырушы мүмкіндіктерді төмендетіп, әлеуметтік-экономикалық, су-энергетика, т.б. мәселелерді шешу мақсатында Орталық Азиядағы ішкі аймақтық интеграцияны дамытуға ұмтылады, - деп белгіледі ол.

– Аталмыш іс-шараны ұйымдастырған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының басшылығы мен ұжымына алғыс айтсам деймін. Өзбекстан мен Қазақстанның сыртқы саяси векторда атқарылып жатқан жұмысы көршілес елдер арасындағы тату қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған. Өзбекстан жұрты қос ұлттың тарихи достығын биік бағалайды. Н.Ә.Назарбаев пен Ш.М.Мерзиеёвтің бастамасымен 2018 жыл Қазақстандағы Өзбекстан жылы, 2019 жыл – Өзбекстандағы Қазақстан жылы болып бекітілді. Наурыз айындағы кездесу нәтижесінде Қазақстандағы Өзбекстан жылын жүзеге асырудың жүйесі құрылды. Мәдени-гуманитарлық іс-шаралардың өзі 143-тен асып отыр. Бұгінде бұл шаралардың жартысы іске асырылып үлгерді, - деді Қазақстандағы Өзбекстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Саидикрам Ниязходжаев.

– Бүгінгі кездесудің Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында өтіп жатқанына қуаныштымыз. Осы орайда бауырларымызға осынау маңызы мен жауапкершілігі зор іс-шараны өткізуде сәттілік тілейміз! – деп Қазақстандағы Тәжікстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Назирмад Ализода ықыласын білдіріп, қатысушыларды «Ынтымақтастықты дамыту – аймақ тұрақтылығының кепілі: Тәжікстан көзқарасы» баяндамасымен таныстырды.

– Орталық Азия елдері арасындағы ықпалдастықтың мемлекеттік деңгейде де, жеке бизнес деңгейінде де өскені байқалады. Бүгінгі таңда өзара тиімді серіктестіктің трендке, негізгі идеяға айналғаны рас. Яғни, өзара ықпалдастық пен серіктестік тиімділікті көбейтуші күшке ие деген түсінік бар. Осы тұрғыда тәуелсіздік алған тұсынан-ақ Қазақстанның сыртқы қарым-қатынастарға ден қойып, халықаралық стандарттарға қолғабыс еткенін белгілеген жөн. Біздің географиялық орнымыз сыртқы нарыққа стратегиялық қолжетімділікті талап етеді. Сол себепті қысқа уақыттың ішінде біз бағындырған белестерден асу үшін өзбек әріптестеріміз жеке тәжірибемізді зерттеп, өз қолданысына енгізді, - деді тарих ғылымдарының кандидаты, Азия зерттеулер институтының директоры Сұлтан Әкімбеков.

– Тәуелсіздік алғаннан кейін бауырлас ұлттарымыз тарихи салт-дәстүрлеріндегі бірлік пен тұтастығынан алыстаған емес. Сол себепті әр ел өз мемлекеттілігін нығайтуда екі жақты қарым-қатынастар жүйесін құруға талпынды, - деді Мирзо Улугбек атындағы Өзбекстан ұлттық университеті «Философия және әдістеме» кафедрасының меңгерушісі, профессор Нигина Шермухамедова.

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы жетекшісі Айгүл Сәдуақасова қатысушыларды «Орталық Азия елдеріндегі этносаралық ахуалдың бүгінгі үрдісі» баяндамасымен таныстырды. Өз сөзінде ол Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстанның этникалық құрылымын сипаттап, аталмыш елдердің конституциялық қағидаларын, этносаралық қарым-қатынастардың даму ерекшеліктерін атап өтті.

Дөңгелек үстел барысында отандық және шетелдік ғалымдар, мемлекеттік органдардың, сарапшылық қауымдастықтың өкілдері және т.б. баяндама оқыды.