ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ АБАЙҒА ТАҒЗЫМ ЕТЕДІ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен биылғы жыл ұлы ақын Абайдың 175 жылдық мерейтойы боп жарияланды. Қазақ жазба әдебиетінің негізін салған ағартушының шығармашылық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани байлығы. Заман өзгеріп, қоғамдық санада күрт сапырылыстар туған сайын, бұл мирас өзінің жаңа бір қырларымен жарқырай ашылып, қадірін арттыра түсетіні рас.

Данагөй ақынның әдеби мұрасын дәріптеп, қазақстандық жастардың оқу мәдениетін, әдеби талғамын қалыптастыру мақсатында Елбасы кітапханасы жыл сайын «Абай оқуларын» ұйымдастыруды игі дәстүрге айналдырған. Еліміздің түрлі аймақтарынан қолғабыс тапқан жобаға қатысу ниетін білдірген үміткерлердің саны жыл сайын өсіп келеді. Жеңімпаздармен қатар марапаттау рәсіміне қатысқан белгілі абайтанушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылым және мәдениет саласының сыйлы өкілдері бұл шараны жыл сайын асыға күтетіндерін жасырмайды.

Ұлы ойшылдың мерейтойына орай биыл Елбасы кітапханасы Абайдың асыл сөздерін кеңінен насихаттауды көздеп, оқырмандардың назарына «Абай – 175» жобасын ұсынғалы отыр. Елбасының «Рухани жаңғыру» атты бағдарламасына ақпараттық қолдау көрсететін жоба ел жастарының оқуға құштарлығын ояту, өмірлік көзқарасын кеңейтуді мақсат тұтады.

  

«Жалпы біз қазір қолға алып жатқан көп бастаманың дәйектемесін басқа жақтан іздеудің қажеті жоқ. Бәрін де Абайдан табасың. Бүгінгі халықаралық жағдайларға байланысты ұстанып отырған мемлекеттік ішкі және сыртқы саясатымызға да жауапты Абайдан табуға болады. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген жолдардан халықтар достығы ақын үшін қатар өмір сүрудің жалаң дипломатиясы ғана емес, тіршіліктің негізгі мағынасын айқындайтын ұлы мұрат екендігі көрінеді», - деп Нұрсұлтан Әбішұлының өзі айтады.

Ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойында айтылған Елбасының толғауы «Абай туралы сөз» атты кітабына түскен. Баяндамада Тұңғыш Президент  ақынның шығармашылығын қазіргі заманмен сабақтастырып, ғұламаның ойларын бүгінгі идеялармен үндесетінін жіті келтіреді. «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары. Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы», - дейді ол. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде басылған кітаптың төте жазуындағы, сондай-ақ ұйғыр, қытай тілдеріндегі нұсқасын Шыңжаң жас өрендер баспасы шығарған. Осы және өзге де Елбасы кітапханасының басылымдары халықтың рухани өміріндегі Абай мұрасының айнымас темірқазыққа айналғандығын дәлелдейді.

Алаш қайраткерлері ішінде ұлт даңқын көтергендердің бірі һәм бірегейі – Мұхтар Әуезов. Халықтың рухани аманатын ұрпағына тапсырған қаламгер Абайдың бейнесін аша білді. «Поэзияда, музыкада, қоғамдық-азаттық ой-пікір саласында өлмес-өшпес  шығармалар берген Абай біздің ұрпаққа таңғажайып тұлға болып көрінеді. Ол өз халқының ғасырлар бойғы мәдениетінің таңдаулы нәрін алып, бұл қазынаны орыстың және Батыс Еуропа мәдениетінің игі әсерімен молықтырды. Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы – заман тынысы, халық үні. Бүгін ол үн біздің үнге қосылып, жаңғырып, жаңа өріс алып тұр», – дейді әлемге әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясының авторы.

«Абай жолы» – қарапайым тарих емес, көркемдік ойдың көрігінен өткен, бүкпесіз бейнеленген өмір шындығы, халықтың тағдыры, өткені мен келешегі жайында терең толғаныс. Ғасырлық туынды қазақ қоғамының ғасырлық, әлеуметтік, тұрмыстық, отбасылық ғұмырын бейнелейді. Төрт томды эпопеялық роман бүгінде Елбасы кітапханасының қорында сақтаулы тұр.

Авторлық қолтаңба тарихтан сыр шертетін құнды жәдігер болғандықтан, Кітапхана қорында Елбасыға тарту етілген кітаптардың да орны ерекше. Жұмыстарын өз қолтаңбасымен табыстаған қаламгерлер қатарында Николай Анастасьев бар. Автордың «Билікті абыроймен атқаратын саясаткер, философ-гуманист Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа» сыйлаған «Абай» атты кітабы ақынның шығармашылығындағы адами құндылықтар мәселесін қарастырады.

Бұл тізімді драматург, аудармашы Анатолий Кимнің қолтаңбасы бар «Абай жолы» кітабы жалғастырады. Елбасыға тарту етілген басылым М.Әуезов роман-эпопеясының орыс тілді аудармасы болып табылады.

Келесі естелік кітаптар қатарын Абай шығармашылығын дәріптеумен айналысатын редакция басқарушыларының тартулары толықтырады. «Қалың елім қазағым» – Елбасыға ізгі тілектермен жол тартқан Б.Елубайұлының кітабы.  Оның мазмұны Абай өлеңдерінен, поэмалары мен аудармаларынан тұрады.

  

«Абай: Қара сөздер» кітабын тарту еткен Ж.Ысмағұлұлы: «Аса жоғары мәртебелі Президент мырза! Халықтың сүйікті ұлы Нұрсұлтан Әбішұлы! Данышпан Абайдың осы сөздерін Сізге зор тілектестік белгісі ретінде жолдаймын», - дейді.