2018 жылғы 12 сәуірде, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланған күні, Елбасы кітапханасында Ақмола және Алматы облыстарының оқушылары «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингін тәмамдағанын растайтын сертификаттарға ие болды.

– Құрметті оқушылар! Екі күндік семинар-тренингті ойдағыдай тәмамдап шыққандарыңыз құтты болсын! Ата-ана мен ұстаздардың үмітін, сондай-ақ халықтың, мемлекеттің сенімін ақтау үшін оқудағы жетістіктеріңіз мейлінше көп болғай! «Ел келешегі сіздердің қолдарыңызда» деп Мемлекет басшысы атап өткендей, жаһандық міндеттерді орындау да сіздердің еншілеріңізде. Бойларыңыздағы білім мен қабілеттің ұштала түсуіне аталмыш семинар-тренингтің септігі тигеніне сенемін. Осы тұста қоғамдық сананы жаңғырту үшін алдымен өз санамызды жаңғыртуымыз тиіс, - деді Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова.

Стратегиялық мақалаға негізделген екі күндік семинар-тренингтің бағдарламасы Елбасы мақаласының басты қағидаларын түсіндіруге арналған. Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкерлері жетілдірген «Бәсекеге қабілеттілік – ХХІ ғасырда ұлтты жаңғырту», «Тарихи жол және Қазақстанның эволюциялық дамуы», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Заманауи сана – болашаққа жол» дәрістері мен тренингтері, атап айтқанда, топтық ойындар, психологиялық жаттығулар, «Қазақстан жолы» интерактивті ғылыми-білім беру орталығында өтетін практикалық сабақтар қатысушыларға рухани жаңғырудың жүйелік түсінігін береді.

Бүгінгі оқу курстары Мемлекет басшысының алғашқы резиденциясы – Елбасы кітапханасының Музейінде өтті. Семинар-тренингтің қатысушылары бізбен қуана пікір бөлісті:

– Кезінде Президентіміз қызмет еткен ғимаратта, еліміздің ертеңін анықтаған маңызды шешімдер қабылданған жерде жүргенімде бойымды ерекше толғаныс биледі. Назарымызға ұсынылған суреттер мен жәдігерлер жас мемлекеттің қалыптасу кезеңдерін айқын бейнеледі. Мемлекет басшысының идеялары мен бастамалары жөнінде дәріскерлеріміздің бұл залдарда айтылған сөздері бізді айрықша қанаттандырды. Осы орайда өз мектебімде жалғастырар бірнеше ой мен жобалар туды, - деді Астана қаласы, дарынды балаларға арналған №2 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы Асанәли Сағынбеков.

– Ұлттық бірегейлікті дамыту, көпұлттық және көпдіндік қоғамда ұлттық және діни дәстүрлерді сақтау мәселелерін талқылаған ұнады. Қызықты әрі танымдық, мәдени бағдарлама үшін ұйымдастырушыларға алғыс айтсам деймін, - деді Астана қаласы, дарынды балаларға арналған №2 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы Сәбина Нұрпейісова.

– Семинар барысында айтылған идеялар бізді қанаттандырып, біріктірді. Іс-шараға қатысушы құрдастарымның ғылым мен саясат салаларынан өз орнын тауып, Отанымыздың дамуына зор үлесін қосатынына сенімдімін, - дейді Астана қаласы, дарынды балаларға арналған №2 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы Иван Козейкин.

Алматы облысы Қарашоқы ауылы орта мектебінің оқушысы Назым Маликова да бізден әсерін жасырмады:

– «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингіне қатысудың арқасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қатысты білімімнің таяз екеніне көзім жетті. Дәрістер бағдарламаның мәнін терең ұғынып, оған саяси көзқараспен қарауға, мемлекетті дамыту бойынша жоспар құрып, мақсат қоя білуге мүмкіндік берді. Ал тренингтердің арқасында біз алған ақпаратты түйіп қана қоймай, топта жұмыс істеуді, шешендік қасиеттеріміз бен ойлау қабілетімізді дамыттық. Аталмыш семинар жас буынды ой-өріс кеңейтуге, пікір қорғауға, қоғаммен бірге алға басуға үйретуімен ерекше, - деді ол.