«БОЛАШАҚ» ПРЕЗИДЕНТТІК СТИПЕНДИЯСЫНЫҢ БІЛІКТІ 30 ТҮЛЕГІ» ИНТЕРАКТИВ КЕЗДЕСУІ

4 наурызда 11:30-да Елбасы кітапханасы мен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ бірлесіп, «Болашақ» президенттік стипендиясының білікті 30 түлегі» интерактив кездесуін өткізеді.

Кездесу Елбасы кітапханасының «Ұлы дала тарландары» жобасы аясында ұйымдастырылмақ. Оған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат, ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Нұргүл Мәуберлинова, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Қарбозова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, т.б. қатысады.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Халықаралық әйелдер күніне орайластырылған.

Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен 1993 жылы бекітілген «Болашақ» стипендиясы бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруға бағытталған жас мемлекеттің жемісті жобасы болды. Бүгінде «Болашақ» бағдарламасымен білім алған 11 мың маман еліміздегі экономика саласының алдыңғы қатарлы мекемелерінде қызмет етіп, білім, ғылым, техника, мәдениет, денсаулық сақтау салаларына қатысты идеяларын жүзеге асырып жатыр.

Кездесуде «Болашақ» бағдарламасынан түлеп ұшқан білікті арулар сөз сөйлейді. Олардың қатарында Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының онколог-маммологы Назгүл Омарбаева, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ президенті Әсем Мамытова, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ақмолалық филиалының директоры Белла Газдиева, «Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті» АҚ басқармасының төрағасы, ректор Гүлзада Шакуликова, Назарбаев Университетінің инновацияларды дамыту департаментінің аға менеджері Дәмелі Мектепбаева, BI Group Жобалау басқармасы департаментінің су тарту және сумен қамту жетекші инженері Ирина Мун бар. Интернет желісі арқылы іс-шараға «Болашақ» стипендиясымен шетелде білім алып жатқан жастар мен еліміздегі жоғарғы оқу орындарының студенттері, оқытушылары қатысады.