«Жапония қуыршақтары, кимоно және бұйымтайлары» көрмесі

15 -27 қыркүйек 2015 ж. 
 
«Жапония қуыршақтары, кимоно және бұйымтайлары» көрмесі
 
       Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінде «Жапония қуыршақтары, кимоно және бұйымтайлары» көрмесі мен жапондық дәстүрлі киім үлгісінен кимоно көрсетілімі өтті. Көрме Музейдің «Мәдениет арқылы үн қатысу» халықаралық жобасының аясында, Қазақстандағы Жапония Елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылды.
        Ежелден Күншығыс елі деп аталған Жапония мәдениеті өзінің алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Жапония мәдениеті Шығыс әлемі мен Батыс әлемі мәдениеттерінің тоғысқан жері. Қазіргі уақытта жапон мәдениетінің белгілері: қуыршақтар, икебаналар, желпуіштер және кимонолар бүкіл әлем тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.
      «Жапония қуыршақтары, кимоно және бұйымтайлары» көрмесінде Сіздер жапондықтардың дәстүрлі қуыршақтары, ұлттық киімдері: кимоно, хаори және желпуіштердің көптеген түрлерімен таныса алды.
     Қуыршақтар (жапон тілінен аударғанда – «нингё») Жапонияның мерекелік дәстүрінің ажырамас бөлігі болып табылады. Жапония қуыршақтары өзінің қайталанбас бірегейлігі және алуан түрлілігімен ерекшеленеді, бірнеше ғасыр бойы қуыршақтар жапондықтардың мерекелік іс-шараларында маңызды орын алды.
     Желпуіш – бұл тек қана жапондықтардың дәстүрлі киімінің бір бөлігі ғана емес сонымен қатар қарапайым тұрмыста қолданылатын қажетті заттардың бірі. Хиоги деп аталған алғашқы желпуіштерді тек ер адамдар ақпарат алмасу тәсілі ретінде қолданған. Біртіндеп ол сарай ханымдарының киімдерінің бір бөлігіне айналды.
    «Жапония қуыршақтары, кимоно және бұйымтайлары» көрмесінің жәдігерлері Қазақстан Республикасындағы Жапонияның Төтенше және Өкілетті Елшісінің жұбайы Камохара ханымның ізгі ниетімен жеке коллекциясынан ұсынылған. Көрмеге келушілер жапон мәдениетіндегі қуыршақтардың алатын орнымен танысуға және оригами техникасы бойынша шеберлік сыныбына қатысуға мүмкіндік алды.