Суретші Анар Әубәкірдің «Кешегі мен бүгінгінің сабақтастығы...» атты жеке көрмесі.

3 қыркүйек – 5 қазан 2015 ж.
 
Суретші  Анар Әубәкірдің «Кешегі мен бүгінгінің сабақтастығы...» атты жеке көрмесі.
 
    Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Музейінде Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі, халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің дипломанты Анар Әубәкірдің «Кешегі мен бүгінгінің сабақтастығы...» атты жеке көрмесі өтті.
    Көрме шығармашыл жастарды қолдау мақсатындағы 2011 жылғы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Музейінің бастамасымен «Үкілі үміт» көрме жобасының аясында ұйымдастырылған болатын. Бұл жоба Музейдің қазіргі заманғы Қазақстанның мәдени жетістіктерін насихаттауға бағытталған жүйелі жұмысының нәтижесі. Сондықтан талантты жастардың өнерін қолдау қазіргі мәдени саладағы қажеттіліктердің бірі.
    Анар Әубәкір 1984 ж. 16 қазанда Павлодар қаласында дүниеге келген. Ол Павлодар қаласындағы «дизайн бойынша суретші-шебер» мамандығы бойынша көркемсурет колледжін бітірген (1999–2004жж.), Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында «кескіндеме бакалавры» дәрежесін (2004–2009 жж.) және «кескіндеме магистрі» академиялық дәрежесін алған.
   Өзінің еңбекқорлығымен бейнелеу өнерінен орындаған әсерлі шығармаларымен танымал болып келе жатқан жас шебер А. Әубәкір – бірнеше мәрте халықаралық және республикалық көрмелердің қатысушысы. Санкт-Петербург қаласында өткізілген «Санкт-Петербург өнері апталығы» байқауының жеңімпазы, «Қазақстан өнерінің апталығы» байқауында ең үздік сурет туындысы аталымының жеңімпазы. Қазақстанның қалалары бойынша алғашқы рет өткізілген «Art Sapar Art of Kazak Eli» көшпелі көрме жобасының ұйымдастырушысы. Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі.
   Анар Әубәкір бүкіл ғұмырын қазақ халқының эпикалық символизм және реализм стилінде көрініс тапқан өнерін дамытуға арнады. Халқымыздың талантты суретшісі, дархан дарын иесі жас қылқалам шебері өз ісіне деген адалдығымен және еңбекқорлығымен ерекшеленеді. Анардың бейнелеу өнеріндегі көркем шығармашылығын көз алдымыздан тізбектеп өткізетін болсақ, оның жұмыстарынан кешегі мен бүгінгінің арасындағы таңқаларлық байланыс қатары елестенеді.