Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласының музейлері мен кітапхана қорларынан ұйымдастырылған «Ұлы тұлғалар бесігі» атты көрме

14 мамыр – 15 маусым 2010 ж.
     Көрме осымен, үшінші жыл бойына табысты жүзеге асып келе жатқан «Алға ұмтылған Қазақстан» атты аймақаралық көрме жобасының көктемгі кезеңін ашты.
     Жобаның басты мақсаты - көпшілік қауымды Қазақстан Республикасы облыстарының тарих парақтарымен, материалдық және рухани мәдениет үлгілерімен кеңінен таныстыру.
    Семей - Шығыс Қазақстанның інжуі, атақты тарихи тұлғалардың туған жері. Әлемге Ресейді танытқан Пушкин, Англияны танытқан Шекспир, Германияны танытқан Гете сияқты қазақ мәдениетін әлемге паш еткен ұлы ақын, философ Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов, Әміре Қашаубаев және тағы басқа көптеген тұлғалар осы жерде дүниеге келген. Бұл жерде әр кездері Шоқан Уәлиханов, Федор Достоевский, Ахмет Байтұрсынов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Қаныш Сәтпаев сынды ақын, ғалым, жазушы, әншілер өмір сүрген.
     Көрмеде Абайдың Мемлекеттік қорық-мұражайының экспонаттары мен Семей қаласының тарихымен таныстыратын фотоматериалдар, мұрағат құжаттары, музей құндылықтары ұсынылған. Бүкіл қазақ жері-бұл Абайдың туған жері. Экспозицияда Абай Құнанбаевтың қоғамдық қызметін сипаттайтын мұрағаттық құжаттар, Ә.Қастеевтің суреттері мен Е.М. Сидоркиннің графикасы қойылған. Жоба аясында алғаш рет Абай атындағы облыстық кітапхананың алтын қорының кітаптары көпшілік назарына ұсынылды. Бұл кітаптар - Абай сүйіп оқыған, XYIII-XIX ғғ. құнды сирек басылымдары болып табылады.