Серікжан Ишановтың шеберлік сыныбы өтті

2009 жылдың 25 қыркүйегінде

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, белгілі мүсінші Серікжан Ишановтың шеберлік сыныбы өтті. Астана қ. ЮНЕСКО клубы - Балалар көркемсурет мектебінің оқушылары Музейдің Қостанай облысының музейлер қорынан ұйымдастырылған «Ұлттар мәдениетін ұлықтаған мекен» көрмесі қойылған экспозициялық залдарының бірінде ағаш ою, ағаштан мүсін жасау шеберлігін үйренуге алғашқы қадамын жасап көрді.
      Ұйымдастырушы – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі – әр алуан аймақтық ерекшеліктері бар Қазақстан тарихы мен мәдениетінің бар байлығы мен тереңдігін көрсетуге ұмтылады. Бұл кездейсоқ емес, өйткені көрменің өзі де, экскурсиялар да, шеберлік сыныптары да 2008 жылдан бері ойдағыдай іске асырылып келе жатқан «Алға ұмтылған Қазақстан» атты аймақаралық көрме жобасы аясында өтуде.