Павлодардың Ертіс жағалауы туралы фотожылнама

2012 жылдың 20 қыркүйегінде

     Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейіндегі Үлкен көрме залында музейаралық серіктестік жобасы аясында Дмитрий Поликарпович Багаевтің Мемориалды үй-мұражайы (Г.Н. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы) қорынан ұйымдастырылған «Павлодардың Ертіс жағалауы туралы фотожылнама» атты көрме ашылды.
      Д.П. Багаев – өзінің белсенді әлеуметтік ұстанымдары мен зерттеушілік ынтасы арқасында Павлодар өлкесінің жарты ғасырлық шежіресін қалыптастыруға мүмкіндік берген фотосуретші болып саналады. Экспозицияда шеберге тиесілі ХХ ғасырға жататын заттардың түпнұсқалары, өткен ғасыр фотоаппаратурасы және ең бастысы – оның шығармашылық мұрасы – өлкенің жарты ғасыр бұрынғы тарихы жайлы баяндайтын фотосуреттер ұсынылған. Суреттердің басты кейіпкерлері – қарапайым халық және оның өмірі. Фотосуретші өзінің бір мақаласында: «Фотосурет – бос ермек емес – бұл ғылым, өнер және де уақыт куәлары», – деп жазған болатын.