«Патшалар ойыны» қор көрмесі

20 шілде – 28 тамыз 2011 ж.

Тәуелсіздігіміздің 20-жылдығына орай ҚР Шахмат Федерациясымен бірігіп ұйымдастырылған «Патшалар ойыны» қор көрмесі және қазақстандық гроссмейстерлердің қатысуымен өткен бір мезгілді ойын сеансы.

      Көрменің мақсаты – ҚР Тұңғыш Президенті Музейінің қорында сақталған бірегей, әрі қайталанбас шахматтар жиынтығын көпшілік қауымға көрсету және тәуелсіздік жылдарындағы қазақстандық шахматшылардың жетістіктерін паш ету болып табылады. Бірегей өнер туындыларына айналған бұл шахматтар көрерменді Ресейдің Францияға қарсы 1812 жылғы Отан соғысымен, Украин халқының Польшаға қарсы ұлт-азаттық соғысы сынды тарихы оқиғалармен, сондай-ақ Цинь Шихуандидың атақты терракоттық әскерімен, викингтер мен ұлы моғолдардың ортағасырлық әскерлерімен таныстырды.
      Шахмат – тереңнен бастау алатын тарихы бар көне интеллектуалды ойын ғана емес, әр елдің мәдениетінен, тарихынан хабардар ететін өнер туындылары. Көрмеде Елбасына әртүрлі елдердің басшылары мен ресми делегациялары сыйға тартқан, Ресейден, Беларуссиядан, Үндістан мен Қытайдан келген ғажайып шахмат топтамасы қойылған. Сондай-ақ шахматтан әлем чемпиондары, халықаралық гроссмейстерлер Анатолий Карпов пен Вишванатан Ананд сыйлаған шахматтар ерекше қызығушылық тудырады. Көрмедегі шахматтар көрермендерді басқа елдердің мәдениетімен жақынырақ таныстырып, шынайы эстетикалық ләззат сыйлайды.
      Көрмемен танысқан соң «Күміс залының» холлында Қазақстанның халықаралық шеберлері Дәрмен Сәдуақасов пен Динара Сәдуақасованың барлық қалаушыларының арасында бір мезгілді ойын сеансы өтті. Бір жарым сағат ішінде гроссмейстерлер барлық қарсыластың әрбір партиясын жеңіп шықты, тек жеті жасар шахматшы Еркенов Тілеужанның ойыны теңбе-теңмен аяқталды.