«Өнер әлеміне самғау» атты жеке көрмесі

20 мамыр – 13 маусым 2011 ж.

     ХІІІ Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің бас жүлдегері, жас суретшілер одағының мүшесі Б.Әсемқұлдың «Өнер әлеміне самғау» атты жеке көрмесі.
      Көрме Музейдің 2011 жылы алға тартқан «Үкілі үміт» шығармашыл жастарды қолдау көрме жобасы аясында ұйымдастырылған. Тәуелсіз Қазақстанның мәдени дамуының маңызды да өзекті тапсырмасы мен жаңа жобаның негізгі мақсаты - еліміздегі, алыс және жақын шет мемлекеттердегі жас суретшілер мен мүсіншілердің, сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің жарқын жетістіктерін көрсету, елорда тұрғындары мен қонақтарын жаңа есімдермен таныстыру болып табылады.
      Бейбіт Серікқұлұлы Әсемқұл 1985 ж. 6-мамырда Алматы обл. Жамбыл ауд. Ұзынағаш ауылында дүниеге келген. Ол Ә.Қастеев атындағы республикалық көркемсурет колледжін (1999-2004ж.ж.), Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының мүсін және кескіндеме факультетінің станоктік кескіндеме мамандығын (2004-2009 ж.ж.) үздік бітірген.
      Өзінің еңбекқорлығымен бейнелеу өнерінен орындаған әсерлі шығармаларымен танымал болып келе жатқан жас шебер. 3-жасынан бастап сурет салу өнерімен шыңдалған ол - бірнеше мәрте республикалық конкурстар мен Астанада өткен Халықаралық Дельфийлік ойындар жеңімпазы, 2010 жылғы ХІІІ Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің «Бейнелеу өнері» аталымында «Арман қала – Астана» атты триптих кескіндемелерімен бас жүлдегер атанды. 2010 жылдан бері Жас Суретшілер Одағының мүшесі. Жас қылқалам шебері арнайы тақырыптарға суреттер салып, орта мектеп оқулықтары мен балалар баспасы кітаптарының мұқабаларын көркемдік рәсімдеу жұмыстарын жүргізумен қатар, поэзияға қалам тартып, фотоөнермен айналысқанды ұнатады.
      Үлкен банкет залында 50-ден астам кескіндемесі, яғни пейзаж, натюрморт, портрет жанрындағы туындыларымен және жандүниесін жарып шыққан өлеңдер жинағымен танысу мүмкіндігі болды.
      Кіші көрме залында Бейбіт Әсемқұлдың 45-тен астам тамаша көркем фотосуреттерімен танысу мүмкіндігі болды.
      Оның жұмыстары Қазақстан мен шет мемлекеттерде жеке коллекцияларда, Алматы қ. Art Navad Arvest, Астана қ. Art Stori галереяларында орналасқан.