«Мыңжылдықтар сәулесі» көрмесі

18 наурыз – 13 сәуір  2015 ж.

«Мыңжылдықтар сәулесі» көрмесі

      Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде «Ұлттық игілік» музейаралық серіктестік жобасы аясында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы (Түркістан қ.) қорынан ұйымдастырылған «Мыңжылдықтар сәулесі» атты көрмесі өтті. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы ҚР Тұңғыш Президенті Музейінің тұрақты серіктесі болып табылады.
      Амудария мен Сырдария өзендерінің аралығында орналасқан Түркістан өңірі Түркі өркениетінің ежелгі ошақтарының бірі. Бұған дәлел жазба деректер мен Түркістан жазирасында жүргізілген археологиялық зерттеулер.
     Көрме әркезеңді қамтитын археологиялық артефактілер кешені – шырағдандар арқылы келушілерді өлкенің өркениеттік тарихына үңілдіреді. Шырағдан жасау өнері дала өркениетінде ежелгі дәуірден басталады. Алғашқы кезеңде шеберлер шырақтарды күнделікті тұрмысқа қажетті бұйым ретінде жасады.
     Экспозицияда көпшілік қауымның назарына ғылыми зерттеудің археологиялық кезеңінен бастап музейтану кезеңінен өткен 60 астам археологиялық және этнографиялық артефактілер қойылды. Кешенде: әр дәуірге жататын бірегей шырағдандар үлгілері; ошақ бөліктері; далалық зерттеулер нәтижелері; ғылыми мүліктеу мен реконструкциялардың мәліметтері де бар.
      Экспедиция қызметінің сансыз нәтижелерінің бірі ол Түркістан алқабының қала мәдениеті ескерткіштерінің Археологиялық картасының жаңадан жасалуы болды.