Музей жинағынан ұйымдастырылған «Батылдық пен ерлік нышаны» көрмесі

12 ақпан – 3 наурыз 2008 жыл.
 
 
     Келушілер Музей экспозициясында үнемі көрсетіле бермейтін, бағалы металдардан жасалған экспонаттар жинағымен және қару-жарақтар коллекциясымен танысады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары мен ХІХ-ХХ ғасыр қару-жарақтары құнды тарихи және көркем ақпараттардан тұрады.
     Қай уақытта да батылдық, жанқиярлық, отанға деген сүйіспеншілік түрлі марапаттарда, мемлекеттік наградаларда көрініс тапқан. Ордендер мен медальдар коллекциясы тәуелсіз Қазақстанның наградалар жүйесінің шығу тарихымен және дамуымен таныстырады. Экспозицияға 10 мемлекеттік орден, 5 медаль және 2 құрмет белгісі көрсетілген.
Аталған коллекциялардың ерекшелігі олардың жоғары көркем сапалы етіп жасалғандығында. Мемлекеттік наградалар – Қазақстанның ордендері мен медальдары Өскемендегі Қазақстан Теңге сарайында шығарылады. Отандық ордендер мен медальдарды дайындауда әлемдік медаль жасау тәжірибесі қолданылған.
    Көрме тақырыбын ХІХ ғасырдың ортасындағы атыс қаруларының үлгілері мен әр түрлі суық қарулар түрі толықтырып, дамыта түседі.
Экспозициядағы атыс қарулары үлгілерінің техникалық жағы мен көркемдігі ерекше назар аударарлық: ХІХ ғасырдың ортасына жататын шүріппелі аңшы қаруы; 1898 жылы 5 сәуірде Германияда алғаш рет қарулану құралы ретінде қабылданған Маузер жүйесінің мылтығы; Бельгиядағы Пьеж қару фабрикасында дайындалған шүріппесіз аңшы мылтығы және т.б.
Суық қарулар – бұл жай ғана қару емес, дағыстандық қылыш немесе казак қылышы болсын, абордаж қылышы немесе сапысы болсын, бұлардың қай-қайсысы да мәдениеттің белгісі болып табылады.