«Мәртебесі биік марапаттар» қор көрмесі

8 маусым - 20 тамыз 2015 жыл
 
«Мәртебесі биік марапаттар» қор көрмесі
 
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің музейінде «Мәртебесі биік марапаттар» атты Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасының қоғамдық марапаттарының көрмесі өтті. Алғаш рет қалың көрермен назарына Мемлекет Басшысының 200-ден астам қоғамдық марапаттары көрсетілді. Олардың қатарында: «Бірінші халықаралық бейбітшілік сыйлығы»,  «Инвестициялық Періште» сыйлығы, «Жыл адамы» халықаралық сыйлығы және т.б.
Тату көршілік пен ынтымақтастықты дамытуға бағытталған Қазақстанның халықаралық аренадағы қызметінің арқасында, Елбасымыз дүниежүзілік қоғамдастық алдында үлкен сый-құрметке бөленіп отыр. Бұның айғағы Қазақстан Республикасы Президентінің әлемнің көптеген мемлекеттердің жоғары мемлекеттік марапаттарымен қатар, халықаралық ұйымдар тарапынан әр кезеңдерде ұсынылған қоғамдық танылудың белгілері.
Қоғамдық марапаттар топтамасы өзінің құрамы жағынан әр түрлі: ордендер, алқалар, куәліктер, дипломдар, мақтау қағаздары және сертификаттар. Мемлекет басшысының қоғамдық марапаттары – Тәуелсіз Қазақстанның әлемдік кеңістікке танылуының нәтижесі.
Көрмені ұйымдастырудың басты мақсатына сәйкес музей жәдігерлері арқылы тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жаңа қазақстандық мемлекеттілік пен ашық қоғамды қалыптастырудағы рөлі көрсетілді.
Экспозиция келесі тақырыптық бөлімдерден құралып халық назарына ұсынылған болатын: мемлекетаралық ынтымақтастық пен ықпалдасу саласындағы марапаттар; мемлекеттік басқару және экономика саласындағы марапаттар; қауіпсіздік саласындағы марапаттар; ұлтаралық және конфессияаралық келісім саласындағы марапаттар; білім, ғылым және денсаулық сақтау саласындағы марапаттар; мәдениет саласындағы марапаттар; спорт және туризм саласындағы марапаттар.