Марат Ғабдрахмановтың «Өмір пернесі» атты дербес көрмесі

7 сәуір- 7 мамыр, 2010
      Марат Ғабдрахманов- белгілі мүсінші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Автор шағын нысандағы мүсіндері жанрында жұмыс жасайды, өзінің туындыларына терең философиялық мағына сыйғыза отырып, туған халқының жаны мен жүрегінің құпия пернелерін нәзік жеткізе біледі.
Оның бірқатар жұмыстары «Алға ұмтылған Қазақстан» аймақаралық көрме жобасы аясында 2009 жылдың қазанында Ақтөбе облысы музей қорынан ұйымдастырылған көрмеде осы өңірдің басқа да суретшілері мен мүсіншілерінің қатарында қойылды. Қазақстан бейнелеу өнерінің алуан түрлі қырлары мен үрдістерін астаналық жұртшылыққа таныстыру осы жобаның мақсаттарының бірі болғандыұтан, Тұңғыш Президент Музейі көрушілердің ақтөбелік мүсіншінің шығармашылығына танытқан қызығушылығын ескеріп, оған қолдау көрсетті.
     Ғабдырахманов Марат Рахметоллаұлы 1970 жылы 26 тамызда Ақтөбе қаласында туған. 1990 жылы ол Нижний Тагилдегі қолданбалы өнер училищесінің металл өңдеу бөлімін бітіріп, 1999 жылы Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің бейнелеу өнері бөлімін тәмамдайды. 1996 жылдың өзінде-ақ ол ҚР Суретшілер одағының мүшелігіне өтеді, сол жылы «Болашақ» президент сыйлығының лауреаты атанды.
     «Дөңгелек» мүсіндік композициясы 2006 жылы тамызда Екатеринбург қаласында өткен халықаралық бақ-парк мүсіндері фестивалінде үшінші дәрежелі дипломға ие болды. 1996-1998 жылдары М. Ғабдырахманов АҚШ-тың Нью-йорктегі «PRATT» институтында тағлымдамадан өтіп, 1998 жылы БҰҰ-да өзінің шығармаларының көрмесін ұйымдастырды. Мүсіншінің туындылары тек Ақтөбе қаласының музейлерінде ғана емес, сонымен бірге АҚШ, Германия, Франция, Қытай азаматтарының жеке коллекцияларында сақтаулы.