«Қызыл шұғыла» атты көрме

10 маусым – 20 маусым 2011 ж.

      Музейдің «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық жобасы шеңберінде өткізілген «Қызыл шұғыла» атты көрме Үнді мәдениет орталығы және Қазақстан Республикасындағы Үнді елшілігімен біріге ұйымдастырылды.
      Бұл көрме үнді ақыны және ағартушысы, суретші Рабиндранат Тагордың 150 жылдық мерейтойына арналған. Көрменің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасындағы Үндістан Республикасы елшілігінің Төтенше және Өкілетті елшісі Ашок Кумар Шарма, Тұңғыш Президент Музейінің директоры Алма Сағынғалиқызы сөз сөйледі. Рабиндранат Тагордың мәңгілік өшпес өлеңдері қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде айтылды.
      Рабиндранат Тагор (1861-1941) - 1913 жылы әдебиет саласынан Азия жазушыларынан алғашқы болып Нобель сыйлығын алды. «Халық рухы» атты өлеңі Үндістанның, «Менің алтын Бенгалиям» атты өлеңі Бангладештің ұлттық әнұрандары болып қалыптасты. Оның еңбектері халықаралық тілдерге аударылған. Прозашы, драматург, сазгер, сонымен қатар Рабиндранат Тагор біртума суретші және кескінші болып табылады. Ол өмірінің соңғы 12 жылын графика және көркем өнерге арнаған.
      Үнді халқының ұлы перзентінің сан қырлы шығармашылығымен танысуға мүмкіндік берген көрмеде Р.Тагордың 45 цифрлы көшірме суреттері, сонымен қатар, ҚР Тұңғыш Президент Музейі қорынан алынған кәдесыйлар мен кітаптар болды.