Қырым Алтынбековтың «Көшпенділер мәдениеті» атты жеке шығармашылық көрмесі

20 – 30 маусым 2012 ж.

      ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР Көркемөнер Академиясының академигі, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, танымал қазақстандық суретші-реставратор Қырым Алтынбековтың «Көшпенділер мәдениеті» атты жеке шығармашылық көрмесі.
      Көрме «Астана – түркі әлемінің мәдени орталығы» атты іс-шаралар аясында «Нұр Отан» ХДП Астана қаласындағы бөлімшесімен бірлесіп ұйымдастырылды. Көрме әсіресе түркі халықтары мәдениетінің қойнауынан сыр шертіп, сырлы әлемнің сырын ашудағы маңызы өте зор.
      Көрме экспозициясында Қырым Алтынбековтың қолынан шыққан тарихи және мәдени ескерткіштер, ежелгі қазбалардың дәл көшірмелері, металда орындалған көркем реконструкциялар, тұтас кешендер ұсынылған. Олардың қатарында: «Алтын адам», Есік қорғаны; «Сармат көсемі», Аралтөбе қорғаны; «Берел» қорғанынан табылған археологиялық қазбалар; сақтардың салттық қазаны (Ақсуат ауылы); ғұндардың зергерлік бұйымдары (салпыншақтар), Берел көсемі атының әсем әшекейленген жабдығы; Түрік империясының байрағы (VII-VIII ғғ.); сақ көсемінің байрағы және толық қалпына келтірілген әйелдердің зергерлік бұйымдары (Аржан қорғаны, Ресей, б.д.д. VIII-VII ғғ.) және т.б.бар.
      Ежелгі тарих пен мифологияны жетік меңгерген дарынды зергер Қырым Алтынбеков көшпенділер дүниетанымын ашып көрсететін асыл металдардан эксклюзивті авторлық жұмыстар жасайды. Олардың арасында скифтердің бауырласу рәсімінде қолданған ритон-жолбарыс грифондардың бірегей ыдыстар жинақтары, айрықша оқиғаларда жағылған салттық шырақ, салттық қазан және скиф-сақ өнерінің дәстүрлеріне негізделген көптеген зергерлік бұйымдар бар.
      Автордың жеке шығармашылық көрмелері әлемнің көптеген қалалары: Прага, Карловы Вары (Чехия), Лондон (Англия), Нью-Йорк, Сан-Диего, Лос-Анджелес, Вашингтон, Беркли (АҚШ), Мәскеу (Ресей), Алматы, Астана (Қазақстан), Гент (Бельгия), Вена (Австрия), Стамбул (Түркия) және т.б. қалаларда табысты өткізілген. Сонымен қатар Қырым Алтынбековтың жұмыстары 2011 жылы Астана қаласында өткен Қысқы Азия ойындарына арналған кешенді көрмеге қатысқан.