«Қылқаламдағы сырлы сезім» көрмесі

14 сәуір – 22 мамыр 2009 ж.

«Қылқаламдағы сырлы сезім» көрмесі Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Сәдір Кәрібайдың жұмыстарын көрермендер талғамы мен талқысына ұсынады.
      Көрме қазақ мәдениетінің бірегейлігі, қайталанбастығы тақырыбын одан әрі жалғастыра, толықтыра түсті. С. Кәрібайдың бірқатар жұмыстары Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде 2008 жылдың сәуірінде «Алға ұмтылған Қазақстан» аймақаралық жоба аясында Атырау облысы музейлері қорынан ұйымдастырылған көрмеге қойылған болатын.
      Суретші 1956 жылы Арал қаласында туған. Бүгінде суретшінің жұмыстары облыстық, республикалық галереяларға қойылған, еліміздегі және шетелдердегі жеке коллекциялар құрамында.
      Көрмеге суретшінің 37 полотносы қойылған. Шебер абстракционизм, импрессионизм, постимпрессионизм, символизм әдістерін пайдалана отырып, белсенді түрде сынақ жүргізеді. Оның барлық жұмыстары туған жердің ұлттық бояуы мен мәңгілік әрі өзгеріп отыратын айналадағы әлемнің рухани мәнін танып, жеткізе білуге деген ұмтылысты көрсетеді. Сюжеттер өң мен түс шегіндегі адам жаны мен ақылының нәзік көңіл-күйі мен философиялық ғибратты көркем оқуға деген талпынысқа толы.