Қазақстан Республикасындағы президенттік институттың 20-жылдығына арналған «Назарбаев және Қазақстан» атты көрме

29 маусым - 3 қыркүйек 2010 жыл
    Көрме «Нұр Отан» Халықтық- Демократиялық партиясымен бірлесе ұйымдастырылған. Экспозиция тәуелсіз Қазақстан Тұңғыш Президентінің өмірбаянын мазмұндайтын Музей қорындағы фотоматериалдардың бірегей жиынтығынан құрылған. Қазақстан Республикасындағы президенттік институттың, сыртқы және ішкі саясаттың қалыптасуындағы негізгі кезеңдерді көрсететін фотокөрме еліміздің тарихындағы көптеген маңызды оқиғалар өткен Күмбезді залда орналасқан.
    Фотокөрменің басты құндылығы - оның мазмұнының ауқымдылығы мен көрнекілігінде. Көрме Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың тәуелсіз демократиялық мемлекетті құрудағы тарихи рөлін ашып көрсетеді. Экспозицияға Мемлекет басшысының Жеке мұрағатының қорындағы 300 фотосурет, 20 құжат, Н.Ә.Назарбаевтың әлем халықтарының 30-дан астам тілдерінде жарық көрген еңбектері қойылған.
«Туған жерім – тұғырым», «Бірлік – біздің туымыз», «Бір шаңырақ астында», «Алға ұмтылған Қазақстан», «Әлемдік деңгейдегі саяси философ», «Еуразия жүрегі - Астана», «Халқыммен ой бөлістім...» деп аталатын тақырыптық бөлімдерде көшбасшы тұлғасының – Тәуелсіз Қазақстанның болашақ Президентінің қалыптасу барысын; жас Республиканың мемлекеттік егемендігін алып, жасаған алғашқы қадамдарын; Қазақстан халқының бірлігі мен конфессияаралық келісім идеяларының дамуын; экономика саласындағы Қазақстанның табыстары мен жетістіктерін; еуразияшылдық идеясының жүзеге асуын; жаңа астананың дамуы мен гүлденуін; жерлестермен, отандастармен кездесулердегі қуанышты және шабытты сәттерді көруге болады.