К. Жапалованың «Өмір әуендері» атты жеке көрмесі

30 қыркүйек – 24 қазан 2010 ж.
     Бұл көрме – еліміздің әр аймақтарынан келген суретшілер, мүсіншілер және қолөнершілердің шығармашылығын насихаттап, танытумен байланысты «Алға ұмтылған Қазақстан» жобасын дамытудың бір бағыты болып табылады. К.Жапалованың бірқатар туындылары 2008 жылы Атырау облысы музейлері қорындағы экспозицияларға қойылып, ұйымдастырушылар мен қонақтардың мол қызығушылығына ие болған.
    Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы суретшілер Академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет Қайраткері Камила Жапалованың шығармашылығынан еліміздің бейнелеу өнеріндегі қазіргі заманғы үрдістерді көруге болады. Ол Шымкент қаласындағы Ә. Қастеев атындағы көркем сурет-өнер училищесін, Санкт-Петербург қаласындағы өнер училищесін бітірген.
Автор өнер әлемінде бейнелеу және батик өнерінің қайталанбас ерекшелігін елестету арқылы жаңа бір дүние есігін ашты, оған берілген көптеген атақтар соның айғағы іспеттес.
    Ұзақ ғасырлар бойы батик тек әшекей немесе киім болып қана қойған жоқ, өзіндік жазба, ой білдірудің құралы да болған. Батиктің туған жері – Индонезияның Ява аралы, онда қолдан суреттер салынған маталар күні бүгінге дейін кеңінен қолданылады. Матаға сурет салудың бұл әдісі ерте заманнан ежелгі Шумерде, Перуде, Жапонияда, Шри-Ланкада, Үндіқытайда, Африка елдерінде қолданылған. Батик тек ежелгі қолөнер түрі ғана емес, сондай-ақ адамдардың өмірі мен тағдырын өзгерте алатындай қасиеті бар құпия, ерекше құдірет.
    Батик дәстүрін біздің отандасымыз К.Жапалова да жалғастырып келеді. Автор түстерді аса ұқыптылықпен, әрі орынды қолдана білген. Түстердің ешқайсысы қалыс қалмаған, олар өзара үйлесіп, ерекше көңіл-күй сыйлайды. Әйел адам - әрі нәзік, әрі қайратты жан, ер адам мен әйел адам, көз үйренбеген ғажайып түстерге боялған құстар, туған өлке көрінісі... Міне, ошақты, салт- дәстүрді сақтай отырып, өткенді, бүгінді және ертеңді өзара жалғастырған әйел адам әлемді осылай көреді, осылай түсінеді.
    К.Жапалова көптеген көрме жобаларына: «Халықтық қолданбалы өнер» жәрмеңкесі, Бүкіләлемдік суретшілер көрмесі (Париж қ.), «Дала мен қала» атты республикалық көрме (Алматы қ.), Алматы қаласындағы Ә.Қастеев өнер мұражайында өткен VII республикалық «Батик әлемі» көрмесіне қатысып, жоғары баға алды. «Шабыт» халықаралық жүлдесінің лауреаты, Қазақ-Түрік қолданбалы өнер фестивалінің Құрмет грамотасының иегері болып табылады (Кипр, 2008 ж.).