«Ғасырлар таңбасы» көрмесі

20 мамыр – 16 маусым 2009 ж.

«Ғасырлар таңбасы» көрмесі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі мен «Невада-Семей» халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес қозғалысы (Алматы қ.) қорларынан ұйымдастырылды.
      Көрмеге қойылған материалдар Семей полигонының тарихы, онда жүргізілген сынақтардың зардаптары туралы әңгімелейді, бірақ көрменің ең басты мақсаты - полигонның жабылуында «Невада-Семей» қозғалысының, оған дем беруші және құрушы О.Сүлейменовтің атқарған рөлін көрсету. Мұнда Ю.Куйдиннің фотоальбомынан, Мемлекет басшысының Жеке мұрағаты мен «Невада-Семей» халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес қозғалысы мұрағатынан алынған құжаттар қойылған. Бұл парламент және халық дипломатиясы дамуының негізгі кезеңдерін қайта жаңғыртуға мүмкіндік берді, оның басты нәтижесі Қазақ КСР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Семей полигонын жабу туралы Жарлығы болып табылды. «Жусанның кермек дәмі» атты инсталляция экспозициядағы басты орынға ие.
      Көрменің ашылу салтанатына ҚР Президенті Әкімшілігінің өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, орталық мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың басшылары, ҚР аккредитациядан өткен дипломатиялық корпус өкілдері, республиканың мәдени жұртшылығы қатысты.
      Жиналғандарға арнап Астана қ. ЕҚЫҰ Орталығының жетекшісі А. Кельчевски, «Невада-Семей» халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес қозғалысының президенті О. Сүлейменов, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің директоры А. Сағынғали құттықтау сөз сөйледі.