Ғалым Қаржасовтың «Көңіл пернесі» атты жеке көрмесі

24 сәуір – 24 мамыр 2012 ж.

     ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің және ҚР Президенттік стипендиясының иегері, «Мастер-класс Қазақстан 2000» атты халықаралық көркемөнер фестивалінің лауреаты Ғалым Қаржасовтың «Көңіл пернесі» атты жеке көрмесі
      Көрме Музейдің серіктестік жобасы аясында ұйымдастырылды. Жобаның идеясы – еліміздің әр аймақтарынан келген суретшілер, мүсіншілер және қолөнершілердің шығармашылығын насихаттап, көпшілік қауымға таныту болып табылады.
      Экспозицияда суретшінің 45 жұмысы ұсынылды. Ғалым Қаржасов 1954 жылы Павлодар облысы, Ертіс ауданы, Үлгілі ауылында дүниеге келген. 1980 жылы ол Алматы қаласында Н. В. Гоголь атындағы көркемсурет училищесін бітірген.
      Ғалым Қаржасовтың туындылары Нью-Йорк, Варшава, Вроцлав, Берлин, Амстердам, Штутгарт және Мюнхен музейлерінде өткізілген көрмелерде қойылған. Суретшінің жеке көрмелері Павлодар, Қарағанды, Алматы, Омбы, Санкт-Петербург қалаларында өткізілген. Суретшінің жұмыстары Қазақстанның қазіргі мәдени көркем өнеріндегі академиялық нақышты және ұлттық бейнелердің үлесімділігін сипаттайды.
      Суретшінің авторлық мәнеріне ең алдымен кенептің өрнектілігі тән, себебі селдір матаға адам бейнелері, ішкі көрініс, пейзаждар да тең дәрежеде сыйып кетеді. Автор бояулар үндестігін таба білген. Ол бояулар үндестігі арқылы кеңістік пен уақыттың үндестігін жеткізеді.