2016 жылдың 29 наурызы Әскери полиция мамандарын даярлау орталығында жәдігерлерді көрсете отырып, кейбір бірегей коллекциялар жайлы баяндаған, оларды қолмен ұстауға және жақыннан көруге мүмкіндік берген «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі», «ҚР Тұңғыш Президенті Музейінің жинағындағы қару-жарақтар коллекциясы» атты көшпелі экскурсиялары өткізілді.
«ҚР Тұңғыш Президенті Музейінің жинағындағы қару-жарақтар коллекциясы» атты көшпелі экскурсия адамзаттың әлеуметтік тарихындағы ежелгі дәстүр - қару сыйлау дәстүрімен, әлемге әйгілі Құбашы және Златоусттық қару-жарақ шеберлерінің туындыларымен, ал «Елбасы мәртебесі - ел мәртебесі» атты көшпелі экскурсия әлемнің көптеген елдерінің марапаттау жүйесімен және Қазақстанның мемлекеттік наградаларының үлгілерімен таныстырды.
Экскурсия барысында тыңдаушылар бірегей материалдар кешенімен, атап айтар болсақ, фотосуреттер, бейнематериалдар және ең бастысы – ҚР Тұңғыш Президенті Музейінің қор жинақтарындағы жәдігерлермен танысу мүмкіндігіне ие болды.