Бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер туындыларының «Қазақ хандығы: Ұлы дала перзенттері» атты көрме

25 ақпан – 27 қыркүйек 2015 жыл
 
Бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер туындыларының «Қазақ хандығы: Ұлы дала перзенттері» атты көрме
 
      Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер туындыларының «Қазақ хандығы: Ұлы дала перзенттері» атты қор көрмесі ұйымдастырылды. Экспозиция алғаш рет дәстүрлі қазақ қоғамының тарихи және мәдени мұраларын айғақтайтын бірнеше музейлік жинақтарды ұсынды.
Көрменің мақсаты қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен нығаюында маңызды орын алған, Қазақ хандығы тарихындағы айтулы оқиғалар мен жарқын тұлғаларды көрсету.
      Қазақ хандығының кең-байтақ кескіндемелі бейнесін танымал қазақстандық суретшілер, мүсіншілер, зергерлер, реконструкция жасаушылардың туындылары сомдады. Экспозицияда бірқатар тарихи артефактілер: Ресей патшайымы І Елизаветаның атынан Абылай ханға тарту етілген атақты қылыштың бөлігі, Бөлек батырдың дулығасы, сонымен қатар Қ. Алтынбековтың тарихи шынайылықпен орындалған қазақ хандарының мөр-жүзіктері мен А. Абдубаиттің қайта қалпына келтірілген алтын зерлі жіппен кестеленген көркем паннолары ерекше маңызға ие болды.
    Көптеген жәдігерлер көпшілік қауымға алғаш рет ұсынылды. Олардың қатарында Қытайлық Цин әулетінің кезеңіне жататын бірегей паннолар маңызды орын алды. Онда қытайлық императорлардың әртүрлі мемлекет өкілдерімен дипломатиялық сыйлық алмасу рәсімі бейнеленген. Сол дипломаттар қатарында Қазақ хандығының да өкілдері бар. ҚХР мұрағаттарынан табылған мұндай бірегей, мұрағаттық-бейнелеу дереккөздері мен  олардың дәл көшірмелері өз кезегінде ҚХР-дағы ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Н.Б. Ермекбаевтың бастамасымен жасалған еді.