Анара Абжанованың «Әлем – арман қанатында» атты жеке көрмесі

5 – 25 наурыз 2012 ж.

    Жастар шығармашылығын қолдау мақсатымен «Үкілі үміт» жобасы аясында ұйымдастырылған суретші Анара Абжанованың «Әлем – арман қанатында» атты жеке көрмесі.
      Көрме Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қоры және Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының қолдауымен ұйымдастырылды. Суретшінің 50 жұмысы Музейдің екі көрме залында қойылды.
      Анара Абжанова Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының студенті. Жасы 26-да болғанымен, Анара мыңнан астам туындылардың авторы, өзіндік қолтаңбасы қалыптасып үлгерген суретші болып саналады. Жас суретшінің сүйікті жанры – пейзаж. 2001 жылдан бастап республикалық және халықаралық көрмелерге қатысып, көптеген байқаулар мен фестивальдердің лауреаты мен дипломанты болып атанды.
      Асқан шеберлікпен орындалған пейзаждар ең талғампаз көрерменді де бей-жай қалдырмады. Экспозиция көрме қонақтарына көктемгі көңіл-күй сыйлап, айналамыздағы күнделікті өмір суретші қылқаламы арқылы арманға ұқсаған әлемге, ғажайып түстер әлеміне айналатынындай сезім қалдырды.